Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ассамблеялықтармен кездесті

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Достық үйінде болды. Ол ең алдымен ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысты. Әр бөлмеге бас сұқты. Облыстық ассамблеяның құрамына кіретін бірлестіктердің өкілдерімен тілдесті.

Содан соң Достық үйінің екінші қабатында Мәлік Отарбаевтың қатысуымен жиын өтті. Басқосудың шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ашты. Ол ассамблеяның қоғамдағы маңыздылығына тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Биыл ҚХА құрылғанына – 30 жыл. Бұл – мемлекетіміз үшін ең айтулы даталардың бірі. Ассамблея – 130-дан астам ұлт өкілінің басын бір арнаға тоғыстырған ұйым. Бір шаңырақ астына біріккен белсенді жандар өңіріміздегі татулықты сақтауда, ұлттардың бірлігін нығайту жолында ауқымды жұмыс атқарып жүр. Олар ұйымшылдықтарын көктемде болған су тасқынында да дәлелдеді.

Біреу білсе, біреу білмес. Облыстық ҚХА құрамында ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Аға буын өкілдері “Адал азамат” жобасын жүзеге асыруда ауқымды іс атқаруда. Бұл игі бастама арқылы көненің көзін көргендер қоғамда бірлік пен тұрақтылықты, сенім мен жауапкершілік құндылықтарына негізделген жаңа этиканы қалыптастыруда. Тұрғындармен ұдайы кездесіп, баға жетпес ақылдарын айтады.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

— Еліміздегі кез келген саланың дамуына Ассамблеяның қосып жатқан үлесі зор. Әрине, әр ұлттың өкілі өз тілін, мәдениетін білуі тиіс. Бірақ, әрбіреуінің жүрегі Қазақстан деп соғуы керек деп ойлаймын.

Жиын соңында Мәлік Нұржанұлы ассамблеялықтарға зор алғысын білдірді. Алған беттен таймай, тек алға қадам басуларын сұрады. “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда” өмір сүріп жатқанымызға бірлестіктің қосып жатқан үлесі зор екенін жеткізді.

МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР Президентінің кеңесшісі:

— Ассамблеяның 30 жылдығы өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағалауға мүмкіндік береді. СҚО – этникалық құрам бойынша ең көп шоғырланған аймақтардың бірі. Солтүстікқазақстандықтар өте белсенді деп айта аламын.

Сөзінің соңында Мәлік Нұржанұлы мемлекет тарапынан ҚХА-ға ұдайы түрде зор қолдау көрсетілетінін жеткізді.

 

Нұрасыл Ахмет