Қоғам

Төбесінен жылдап су аққан мектеп күрделі жөндеу көруде

Қазір Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің алдында балалардың дауысы емес, техниканың гүрілі естіледі. Бүгінде елімізге әйгілі оқу ұясының төбесі күрделі жөндеу көруде. Бұл жұмысты әкімшілік те, оқушылар да асыға күтті. Себебі, жаңбыр жауған сайын нысанның ішіне шелектеп су кірді.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

— Осы мектепті 10 жылдай басқарамын. 8 жылдан бері төбеден су ағады. 4-ші қабаттағы кабинеттерге су кірді. Өте қиын болды. Енді мектебімізге сән кіреді. Бұл мектепте 2 мыңдай бала оқиды. Әртүрлі ұлттың балалары білім алады.

Мектептегі маңызды жұмыс мамырдың соңында басталды. Мердігер – жергілікті ұйым. Аумаққа материал жеткізілген, техника мен жұмысшы жеткілікті. Жақында құрылысшылар негізгі іске кіріседі. Жоспар бойынша тамыздың соңында шатыр жабылуы тиіс. Бірақ, жауапты компания өкілдері шаруаны сағызша созбай, келесі айда аяқтауды көздеп отыр.

МҰХТАР ТАШПУЛАТОВ, учаске бастығы:

— Жоба бойынша шатырдың аумағы 2500 мың шаршы метрді құрайды. Төбе қалыңдығы 0,7 мм құрайтын черепица шатырмен жабылады. Су өтпейді. Техника жеткілікті. Сапаға баса мән береміз.

Күрделі жөндеу жұмысына қазынадан 216 млн теңге қарастырылыпты. Айта кету қажет, биыл №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде бұдан басқа да оң өзгеріс орын алады. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім ұясын ауқымды жаңғырту күтіп тұр.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

— Біздің мектепке жиһаз келе жатыр. 45 млн теңгеден астам ақшаға алынды. Кабинеттер келеді.

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені тәуелсіздік алған жылы ашылған. 98-ші жылдан көпұлтты білім ұясы ретінде жұмыс істейді.

 

Байболат Құлтанов