Мәдениет

С. Мұқановтың 125 жылдығы: “Мөлдір махаббат” спектаклі сахналанды

“Мөлдір махаббат”. Жерлесіміз С.Мұқановтың 125 жылдығына орай қазақ сазды-драма театрында су жаңа қойылымның премьерасы өтті. Көпке белгілі, спектакль екі жастың ортасындағы махаббат жайлы. Ресейлік режиссер Айдар Заббаров петропавлдық театр өнерінің өкілдерімен ақылдаса келіп, осы қойылымды таңдаған.

АЙДАР ЗАББАРОВ, “Мөлдір махаббат” драмалық қойылымының режиссері:

— Қойылымда тек махаббат жайлы ғана емес, қыз баланың еркіндігі шектелгендігі туралы мәселе қамтылған. Бұрынғы кезде қыздың тағдырына қатысты оның пікірін тыңдамастан шешім шығарған. Спектакль арқылы көрерменге біз бұның мүлдем дұрыс еместігін жеткізгіміз келді. Негізі, актерлермен бірнеше ай көлемінде дайындалдық. Нәтижесі ойымдағыдай шықты.

Туындының басты кейіпкерлері бала кезден бірге өскен қос ғашық – Бәтес пен Бүркіт. Олар бір-бірін жақсы көргеннен ел көзіне түсіп, жұрт сөзіне ілігеді. Жігіт ер жетіп, қыз бой жеткен соң Бүркіт Бәтесті жар қылып алғысы келеді. Бірақ, олардың бірге болуларына ата-аналары қарсы болады. Себебі, екеуінің арғы тегі бір.

Екеуі бір-біріне жолыға алмай, біраз қиыншылыққа кез болады. Қойылым соңы Бүркіттің түрмеге отыруымен аяқталады. Басты рөлді сомдаған жас актерлер Жұлдыз Тынысбек және Нұрсұлтан Төлебай.

НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕБАЙ, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

— Менің кейіпкерімнің аты – Бүркіт. Өте қырсық жігіт. Қойылым менің көзқарасымнан басталады. Яғни, Бәтеспен кездескен күннен бастап барлығы баян етіледі. Осының барлығын бір қалыпта ұстау маған қиындау болды.

Қойылымды тамашалауға біраз халық жиылды. Ерекше әсер алып, актерлердің өнерлеріне қошеметтерін аямады. Тіпті, екі жастың қосылмағандарына жандары ашып, көз жасына ерік бергендер де болды. Арасында С.Мұқановтың көзін көрген жандар да табылды.

ҒАЛИЯ МАЛДЫБАЕВА, жазушы Ғалым Малдыбаевтың қызы:

— Театрдың актерлері өз рөлдерін өте жоғары дейгейде ойнады. Мен ол кісіні кезінде көрген едім. Менің әкем Ғалым Малдыбаевпен дос болған.

Жалпы, бір жарым сағаттық қойылымға 14 актёр тартылған.

 

Мәдина Қаби