Солтүстік Қазақстан облысында өрт оқиғалары жиілей түсті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған тың дерекке сүйенсек, маусымның 7-сі мен 14-і аралығында аймақта тілсіз жау 8 мәрте бас көтерген. Абырой болғанда, ажал құшу және жарақат алу жайты тіркелген жоқ. Дегенмен, облысқа қатысты жалпы стастика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері өңірде бақандай 229 факт орын алыпты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған 17 пайыздық өсім байқалады. Қызыл жалын келтірген материалдық шығын 200 млн теңгеге жуықтайды. Өкінішке қарай, 17 адам өмірмен қоштасты. Бұл да былтырғыдан 13 пайызға басым. Тек от салдарынан жарақат алу сиреген. Биыл көрсеткіш 41 пайызға төмендепті.