Биыл қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толды. Ешқашан аты өшпейтін тұлғаның мерейтойы жер-жерде кең көлемде аталып өтілуде. Бүгін қоғам қайраткерінің Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жиынға Сәбеңнің қос қарлығашы, яғни, қызы Жанна мен немересі Найля қатысты. Шарада елге танымал зиялы қауым өкілдері де бой көрсетті.
Шараға ширек ғасырдай уақыт Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы болған, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков қатысты. Қаламгердің сөзінше, аталған тарихи нысанда 8 мыңнан астам экспонат бар. Оның тең жартысы – кітап. Нар тұлғаның көзін көрген азамат Сәбеңнің өте қарапайым адам болғанын жеткізді. Халыққа өте жақын, артық сөз мүлдем айтпайтын дейді.
ӘДІЛҒАЗЫ ҚАЙЫРБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты:
— Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сәбең талай мәрте халықтың мұн-мұқтажын билік өкілдеріне жеткізген. Екі арадағы көпір болған десек қателеспейміз.
Сәбит Мұқановтың артынан қалған, ізін жалғайтын 6 баласы, 12 немересі, 17 шөбересі және 14 шөпшегі бар. Оның тең жартысы атасының жолын қуған. Ізбасары Найля Мұқанова атасының ең сүйікті немересі болған. Жазушы қайда барса да жанынан тастамаған екен. Тиісінше, баға жетпес ақылын айтып, түзу жолға жол сілтеген.
НАЙЛЯ МҰҚАНОВА, Сәбит Мұқановтың немересі:
— Сәбит Мұқановтың кіндік қаны тамған аймақ СҚО-ға алғысым шексіз. Атамды ұмытпай, әркез ардақтап жүреді. Мен теріскейге жайдан-жай келген жоқпын. Атам туған өлкені, яғни, Жамбыл ауданын толықтай аралағым келеді.
Айта кету керек, түстен кейін Петропавлда Сәбит Мұқановтың мерейтойына арналған республикалық конференция өтеді.
Нұрасыл Ахмет