СҚО әкімдігіҚоғам

Президент кеңесшісі өңірдің білім саласы өкілдерімен кездесті

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді. Ол Петропавлдағы №28 жалпы орта білім беретін мектепте болып, заманауи оқу ұясымен танысты. Мұнда балаларға тәлім алуға, ал мамандарға еңбек етуге бар жағдай жасалған. Кабинет жеткілікті, құрал-жабдықтар да молынан. Танысудан соң Мәлік Нұржанұлы теріскейлік педагогтермен кездесу өткізді. Жиынның шымылдығын аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ашып, Президент бастамаларына тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Президент Құрылтайда жүзеге асып жатқан бірқатар бағытқа тоқталды. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Бүгін осы жоба аясында салынған мектепке келдік. Тағы бір білім ұясы алдағы оқу жылы қарсаңында ашылады.

Мінберге шыққан Мәлік Отарбаев та Президенттің қатысуымен өтетін Құрылтайларға тоқталды. Бұл жай ғана басқосу емес. Бұл – елдің мүддесі жолында еңбек ететін отандастарымыз келелі мәселе көтеріп, тұшымды ой айтатын, маңызды ұсыныс білдіретін алаң.

МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР Президентінің кеңесшісі:

— Сіз бен біз жақсы білетіндей, алғашқы Құрылтай ұлтымыздың алтын бесігі саналатын Ұлытауда өтті. Келесі жиын қасиетті Түркістан жерінде ұйымдастырылды. Бұдан соң кезек Атырау мен Көкшетауға келді. Енді маңызды тұстарға тоқталайын. Ұлытауда 42 ұсыныс тасталды. Ал келесі жылы көрсеткіш 106-ға жетті. Жайық жағасында тағы да өсті. Ал соңғы Бурабайдағы отырыстан кейін Президент бастамаларды жүзеге асырудың жоспарын қабылдады. Ол 53 пунктен тұрады.

Әр пункт гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық басымдықтарға негізделген. Бұлардың барлығы мемлекеттік идеологияны, саяси ұстанымды нығайтуды көздейді. Қазір заман алмалы-төкпелі. Мәлік Отарбаев әлемдегі өзгерістерді ортаға салды. Мұндай кезеңде Тәуелсіз Қазақстанға мызғымас бірлік пен саналы ұрпақ қажет. Ал бұл ретте ұстаздар көтерер жүк аса ауыр.

МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР Президентінің кеңесшісі:

— Бұл жерде отырған әрбір адам басты идеолог саналады. Сіздер – өскелең буынмен, еліміздің болашағы саналатын жастармен тікелей қарым-қатынас орнататын адамсыздар. Біздің ортақ міндетіміз – Тәуелсіздігімізді, елдігімізді, рухани байлығымызды жоғалтпау. Осы жолда аянбай тер төгу – парыз. Сіздерді жүрегі елім деп соғатын, ұлттық болмыс бойынан табылатын саналы ұрпақ қалыптастыруға шақырамын. Сонда ғана келешегіміз сенімді қолда болады.

Мәлік Отарбаев әлем әдебиеті мен тарихын көп зерттепті. Бірнеше еңбекті қазақ тіліне аударған. Баяндамасы барысында барлық білім кітапта екенін де айтып өтті. Келелі кездесу соңында Президент кеңесшісі ұстаздарға сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

 

Байболат Құлтанов