Полицейлер Дүниежүзілік қан доноры күніне орай ұйымдастырылған акцияға қатысты. Патрульдік полиция қызметкерлері, жедел уәкілдер, арнайы жасақ сарбаздары мен учаскелік инспекторлар облыстық қан орталығында қанға мұқтаж жандарға қол ұшын созды.
Мамандар әуелі тиісті тіркеуден өтіп, міндетті медициналық тексерістен өтті. Құқық қорғау саласының қызметкерлері апат, жазатайым оқиға, қылмыстың салдарымен жиі кездеседі. Сондықтан зардап шеккендерге дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетуі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Қан доноры болу – заң мен тәртіпті сақтау жолында қызмет етуді таңдаған жандар үшін азаматтық әрі адамгершілік борыш.