Сәбит Мұқанов: Тұлға, дәуір, мұра. Петропавлда Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы жиынға арнайы құттықтау хат жолдаған. Оны басқосу барысында Мәлік Нұржанұлы оқып берді.
МӘЛІК НҰРЖАНҰЛЫ, ҚР Президентінің кеңесшісі:
— Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Шығармаларының өзі 46 тілге аударылған. Әлемдік деңгейде кеңінен танылған.
Шараға қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Сәбит Мұқановтың өңір үшін орны бөлек екенін жеткізді. Тау тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайды. Жерлестері оны әрдайым құрмет тұтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Ұлы тұлғаның мерейтойы – еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Облысымызда айтулы датаға орай түрлі іс-шаралар өткізілуде. Біз танымал жерлесімізді ешқашан ұмытпаймыз.
Сәбит Мұқанов – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Тума талант. Адамгершілігі мол. Көзін көргендердің айтуынша, дархандығы даладай, көңілі жас баладай азамат болған. Сәбеңнің ұлтқа сіңірген еңбегі, ұрпаққа қалдырған мәдени мұрасы ұшан-теңіз. Кенже қызы Жанна Мұқанова әкесін ардақтап жатқан өңір халқына алғысы шексіз. Ол бізбен тілдесу барысында асқар тауынан қалған жылы естеліктермен бөлісті.
ЖАННА МҰҚАНОВА, Сәбит Мұқановтың қызы:
Әкеміз жұмыс істеп жатқан кезде біз мүлдем шуламайтынбыз. Тіпті, үніміз де шықпайтын. Әкемнің жүзі жылы көрінгенімен сөзі сүйектен өтетін. Оның айтқан ақылы – біз үшін баға жетпес байлық. Әкеммен өткен әр күнім әлі көз алдымнан кетпейді.
Сәбең жеті жасқа толғанда әкесі Мұқан қайтыс болған. Сегізге аяқ басқанда анасынан айырылады. Жетімдіктің тауқыметін тартқан ол еңбекке ерте араласады. Қой да, жылқы да бақты. Жоқшылықтан көз ашпады. Бірақ, білімге деген құштарлығы бір сәтке де басылған емес. Басқосуға арнайы келген Күләш Ахмет Сәбит Мұқановты 30 жыл бойы зерттеген. Оның сөзінше, атақты жазушы – сан қырлы тұлға. Сан қырлылығы сол, кейбір мұрасы әлі реттеліп те, зерттеліп те болған жоқ.
КҮЛӘШ АХМЕТ, филология ғылымдарының докторы:
— Жазушылардың ішінде Сәбит Мұқановтан көп оқырманы бар адам жоқ. Қазір біз Сәбитке қызмет етуіміз қажет. Өзімнің ойым, теріскейдегі бір ауданға Сәбит Мұқановтың атауы берілуі тиіс деп ойлаймын.
Айта кету керек, алдағы уақытта Сәбит Мұқановтың кіндік қаны тамған аймақ Жамбыл ауданында да мерейтойға байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Нұрасыл Ахмет