Петропавл қаласында әскери борышын өтеген сарбаздар мадақталды. Олар саусақпен санарлық күннен кейін үйлеріне оралады. Тура 365 күн бұрын Қазақстанның түпір-түпірінен 200 сарбаз жиналған болатын. Енді көптен күткен сәт те келіп жетті. Бір жылдық еңбек ақталды.
Жиын барысында сарбаздарға облыс әкімінің және бірнеше департамент басшылығынан алғыс хаттар табыс етілді. Солардың бірі – астаналық Рамазан Сабыр.
РАМАЗАН САБЫР, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:
— Тасқын уақытында осыншама еңбек еткенімізді көріп, еңбектің ақталғанын сезініп тұрмын.
Шынымен де жігіттерге биылғы жыл оңайға соқпады. Олар көктем уақытында күн-түн деместен бел жазбай зілдей қаптарды көтерді. Өңірді алапат тасқыннан қорғады. Сондай ауыр жұмысқа шыдап, аянбастан тер төккен жігіттердің еңбегі орасан зор.
ДОСАН КУРКЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің командирі:
— Су тасқыны уақытында біздің жігіттер тынбастан жұмыс істеді. Қапты толтырып, оны тасу да оңай емес. Біраз сарбаздың арқасында су тасқынының беті қайтты.
Алғыс хат, Мақтау қағаздарынан бөлек жігерлі жігіттердің кейбірі ЖОО-дарында тегін оқуға мүмкіндік алды.
ДОСАН КУРКЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің командирі:
— Қазіргі уақытта 15-20 сарбаз келісім шарт бойынша қызметте қалады. Одан әрі жұмыстарын жалғастырады. 35 сарбаз кез келген оқу орнына тегін оқитын сертификатқа ие болды.
Енді шілде айының соңында әскери бөлімге азаматтық борышын өтеушілердің келесі легі келеді. Олардың саны 200-ге жуықтайды.
Мәдина Қаби