15 маусым – елімізде Әкелер күні. Бұл мереке қоғамда отбасы институтының маңызын арттырып, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін айқындай түседі. Осы күнге орай Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінде қызмет ететін подполковник Шухрат Ашимовтың ұлы Маңсұр мерекеге байланысты өз пікірін білдірді.
«Әкелер күні – мен үшін ерекше күн. Себебі бұл күн менің өмірімдегі ең ардақты жан – әкеме арналды. Әкем – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының офицері. Оның тыныштық пен тәртіпті сақтау жолындағы еңбегі мен үшін нағыз ерліктің үлгісі», – дейді Маңсұр.
Оның айтуынша, әскери қызмет оңай емес. Әкесі таң ата кетіп, кейде кешке бір-ақ оралады. Дегенмен бұл – ел алдындағы жауапкершілік екенін отбасы жақсы түсінеді.
«Әкемнің әскери формасы біз үшін бейбіт өмір мен қауіпсіздіктің символы. Ол көп сөйлемейді, бірақ әр сөзі – терең мәнге ие. «Шыншыл болыңдар, Отанды сүйіңдер, тәртіп пен еңбекті серік етіңдер» деп үнемі айтып отырады. Бұл сөздер біздің өмірлік ұстанымымызға айналды», – дейді ол.
Маңсұрдың айтуынша, әкесі қарапайымдылығы мен шынайылығымен, ісіне деген адалдығымен әрдайым үлгі бола білген. Сондықтан да ол өзін ұлан офицерінің ұлы болғаны үшін үлкен мақтаныш сезінетінін айтады.
«Жауынгердің баласы болу – тек мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік. Әкемнің өмір жолы – мен үшін болашақ бағдаршамы. Ол – тек отбасымыздың емес, елдің де қорғаны», – дейді Маңсұр.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі