БілімҚоғам

Ұлағатты ұстаз Тамара Канаева 80 жасқа толды

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде еліміздің еңбек сіңірген ұстазы, тарих ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері Тамара Канаеваның 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Тамара Михайловна – саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім беруге арнап, мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған білікті ұстаз. Ол университет қабырғасында 31 жыл бойы еңбек етіп, тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосты.

ТАМАРА КАНАЕВА, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы:

Білімге деген ынтам зор болды. Сол себепті, Петропавл педагогикалық институына оқуға түстім. Диплом алған соң 1967 жылы осы білім ордасында жас маман ретінде қалдым. Университет болып өзгергеннің өзінде осында білім-ғылымға қызмет етуімді жалғастыра бердім.

Бүгін мерейтой иесін жақындары, әріптестері мен шәкірттері құттықтады. Облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев Тамара Михайловнаның білім саласының дамуына қосқан үлесі зор екендігін айтты.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Тамара Михайловнаның өмір жолы отандық жоғары білім мен тарих ғылымының дамуымен тығыз байланысты. Педагогикалық қызметін ассистент ретінде бастап, оқытушыдан кафедра меңгерушісіне дейін жеттіңіз. Осы еңбек жолы барысында оқу процесі мен ғылыми зерттеу жұмыстарының дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз.

Жиын барысында Тамара Канаеваның өмірі мен еңбек жолына арналған фотосуреттер мен бейнематериалдардан тұратын арнайы презентация көрсетілді. Университет ректоры Ербол Исақаев мерейтой иесіне гүл шоғын тарту етіп, иығына шапан жапты.