Күндізгі бөлімде оқитын студенттер МӘМС аясындағы барлық медициналық көмекке жеңілдік ала алады. Бұл мүмкіндікке Қазақстанда немесе шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтардың барлығы ие бола алады. Студенттер үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Егер студент ресми түрде жұмыс істесе, жұмыс беруші оның жалақысынан жарна ұстамайды және өзі де аударым жасамайды. Қазақстанда оқитын студенттер бұл мәртебеге автоматты түрде тағайындалады. Ең бастысы ЖОО қызметкерлері білім алушының жеке деректерін, оқу кезеңі мен формасын дұрыс көрсетіп, деректерді уақытында жаңартып отыруы қажет. Ал шетелде оқитындар egov.kz арқылы «Шетелде білім алып жатқан студенттерді тіркеу» мемлекеттік қызметі арқылы өзі ұсынуы керек. Деректер дұрыс енгізілсе, мәртебе 10 жұмыс күні ішінде беріледі. Оқу орнын аяқтаған немесе оқудан шығарылған жағдайда студент жеңілдік санатындағылар қатарынан түсіп қалады. Оны сақтау үшін ресми жұмысқа орналасу керек немесе жарналарды дербес төлеуші ретінде ай сайын өзі 4 250 теңге төлеуі қажет.