Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

“Петропавл-Жезқазған” тас жолының сапасы тексерілуде

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Еліміз бен өңіріміз үшін аса маңызды “Петропавл-Жезқазған” тас жолы. Біраз күттірген тақтайдай тегіс асфальт биыл төселіп жатыр. Жұмыс таяу арада аяқталады, іске жауапты мамандар облыс орталығына таяп қалды. Түрлі көлік күн-түн демей әрлі-берлі зулайтын жолдың сапалы болғанын қалаймыз.

Сапа сын көтермесе мемлекеттің миллиардтары желге ұшады, мыңдаған адам қайтадан қиындық көреді. Бұған жол бермес үшін ұдайы бақылау мен тексеріс керек. Сонда ғана оң нәтиже болады.

“Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы өкілдері оң нәтиже жолында еңбек етеді. Бүгінде аталған ұйымның мамандары “Петропавл-Жезқазған” тас жолын тексеруде. Негізгі жұмысты заманауи жабдық атқарады. Құрал әбден қатып қалған бірнеше күндік асфальтты оңай теседі. Осылайша сынама алынады.

АЛЕКСАНДР КЕРШИС, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ бірінші дәрежелі инженері:

— Петропавл-Жезқазған тас жолының біз тұрған учаскесін “Ашық аспан” серіктестігі жөндеп жатыр. Төселген асфальт 2 бөліктен тұрады. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, оның жалпы қалыңдығы 11 см болуы тиіс. Біз алдымен осыған мән береміз және тығыздығына назар аударамыз. Бұдан өзге де көрсеткіштер тексеріледі. Тиісті тексеру жұмысы арнайы зертханада арнайы мамандардың қатысуымен жүргізіледі.

Қарлыға ауылының маңында арнайы құралды іске қосқан бірінші дәрежелі инженер Александр Кершис жол саласында 30 жылға жуық еңбек етеді. Білікті маман аптап ыстықта да, сүйектен өтер суықта да тер төгіп келеді. Адал әрі жауапты қызметкер әрдайым сапаның сын көтергенін қалайды.

АЛЕКСАНДР КЕРШИС, “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚОФ бірінші дәрежелі инженері:

— Егер жап-жаңа алған сынама талапқа сай болмаса, тапсырыс беруші мердігерге жүгініп, жұмысты қайтадан істете алады. Онда асфальттың белгілі бір қалыңдығы фрезерлеу әдісі арқылы алынады. Сосын қайтадан төселеді. Мұнымен іс бітпейді. Біз кемшіліктер анықталған учаскелерге тағы да барып, сынама аламыз. Тексеріс жұмысы сапа жақсарғанша дейін жалғасады.

Орталықтың филиалында Александр Кершис сынды 3 білікті инженер қызмет етеді. Олар жол құрылысы маусымы басталғалы 150-ге жуық тексеріс жұмысына шығыпты. Нәтижесінде 120-дан астам кемшілік пен бұзушылық анықтаған. Бүгін соның 18-і жойылса, қалғаны ретке келтірілуде. Сонымен қатар, мамандар жол-құрылыс материалдарынан 645 сынама алған. Сынаманың 37% талапқа сәйкес келмепті.

 

Байболат Құлтанов