14 маусым – Халықаралық донор күні. Айтулы күнге орай облыстық қан тапсыру орталығында БАҚ өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Ақхалаттылардың сөзінше, қан тапсырмас бұрын әр тұрғын дәрігерлердің қарауынан өтеді. Бойы мен салмағы тексеріледі. Гемоглобин көрсеткіші бақыланады. Кейін мамандар тұрғындарға қуат алу үшін тәтті шай береді. Бұл – игі іс алдындағы маңызды процестер. Себебі, тексеріссіз донор атанса қанға мұқтаж адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін. Айта кету керек, бәрі бірдей донор бола алмайды.
САБЫРЖАН ТӘУКЕЛОВ, облыстық қан орталығының директоры:
— Егер адам дәрігердің есебінде тұрса, дәрі-дәрмек қабылдаса, донор бола алмайды. Сондай-ақ, денесінде суреті бар немесе пирсинг таққан тұрғын да қан тапсырмайды. Статистикаға сүйенсек, көбінесе 1-ші қан тобы кең таралған. Сол себепті, дәл осы топтағы қан қорын ұлғайтып отырамыз.
Игі іске бірінші рет барғандар 350 мл қан тапсырады. Ал тұрақты донорлардан көптеу алынады. Мамандардың айтуынша, бұл адамның денсаулығына мүлдем зиян келтірмейді.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Донор болу – сауапты іс. 1 рет қан тапсырған жан 3 адамның өмірін құтқарады. Бұл игі іс арқылы өзгеге ғана емес, өзіне де пайдаң тиеді. Толығырақ айтсақ, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға дейін ұзартады.
Петропавлдық Ольга Рогачева 10 жылдан бері облыстық қан орталығына келіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Нәзікжанды мекемеге 2 айда бір рет келеді. Әр келген сайын мамандар жанашыр азаматшадан 450 мл қан алады. Айта кету керек, бүгін оған “Құрметті донор” атағы беріледі.
ОЛЬГА РОГАЧЕВА, донор:
— Жылына 6 рет қан тапсырамын. Қан тапсырғаннан кейін өзімді жақсы сезінемін. Денем жеңілдеп, бір сергіп қаламын. Одан қалды, қаншама адамға пайдам тиеді. Сондықтан, тұрғындарға бұл игі істен қалыс қалмауға шақырамын.
Ал бұл кабинетте адамдардан алынған қан толықтай тексеріледі. Содан соң, тиісті медициналық мекемелерге жөнелтіледі. Айта кету керек, бір жылдың ішінде облыстық қан орталығында 10 мыңға жуық астам қан тапсырған.
Нұрасыл Ахмет