Денсаулық сақтауҚоғам

Нашақорлыққа қарсы акция

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай Петропавлда ерекше акция өтті. Орталық алаңға табан тіреген ұйымдастырушылар тұрғындарды тоқтатты. Қатысушылар үшін бірнеше тапсырма әзірленген. Бақ сынаған жандар құр қол қайтпайды.

ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, «Штаб JE SKO» ҚБ төрайымы:

— Бүгін біз нашақорлыққа қарсы акция ұйымдастырудамыз. Осы шара арқылы халық назарын салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды заттармен күреске аударғымыз келеді. Адамдардың денсаулыққа күтіммен қарағанын қалаймыз. Тапсырмаларды орындаған жандарға сыйлықтарымыз бар. Осындай бастамалар арқылы қоғам дертіне қарсы тұрсақ, оң өзгерістер болары сөзсіз.

Физикалық жаттығу, заңға қатысты сұрақ, “Мен есірткісіз өмірді қолдаймын” плакатымен суретке түсіп, желіге салу. Қатысушылар алғашқы кезеңде осыларды орындады.

Ал бұдан соң қатысушылардың пікірі тыңдалды. Олар қаладағы есірткіге қатысты жағдайға, нашақорлықпен күрестегі тиімді тәсілдерге қатысты ой білдірді. Сонымен қатар, акцияға нарколог-дәрігер, терапевт және психолог қатысты. Олар ниет танытқан жандарға тегін кеңес берді.