Ауқымды кәсіппен ауылда да айналысуға болады. Мұны Бескөлдегі “Левин” жеке кәсіпкерлігі дәлелдеді. Еңбекқор отбасы мүшелері 35 жылдан бері қайың ағашынан үстел мен орындық жасайды. Оны көпшілік біледі. Ал өткен жылдың соңында жерлестеріміз бизнестің тағы бір түріне бет бұрды. Қазір жанұяның аудан орталығында сауда нүктесі бар.
ЕЛЕНА ЛЕВИНА, “Левина” ЖК директоры:
— Кешен екі қабатты. Бірінші қабатта шағын маркет пен асхана бар. Тұрғындарға тек балғын өнімді ұсынамыз. Нысан өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Құрылыс жұмыстарына 2 жыл уақытымыз кетті. Біз сияқты кәсіпкерлерді қолдап жатқан мемлекетке алғысым шексіз.
Орталықты кешен деп түсінгеніміз дұрыс. Ауқымды зал, су жаңа жабдықтар, сапалы азық-түлік. Мұнда сауда жасауға да, тамақтануға да, балаларды қыдыртуға да болады. Нысанның ашылуымен 22 адам жұмысқа тұрған.
ӘСЕЛ МҰҚАШЕВА, “Левина” ЖК қызметкері:
— Мұнда ақпан айынан бері еңбек етемін. Елена Владимировна маған тек талмай жұмыс істесең болды бар жағдайыңды жасаймын деген болатын. Сөзінде тұрды. Шамамен 300 мың теңге айлық аламын. Жұмысым аса қиын емес. Ең бастысы, ынта болса болғаны.
Күніне 500 адам келетіндей нысан ашу үшін отбасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінген. Қаржы ұйымы өтінішті мақұлдапты. Жүгінуші тарапқа “Жобаларды кредиттеу және қаржылық лизинг механизмі” жобасы аясында 180 млн теңге несие берген.
ӘСЕЛ СЫЗДЫҚОВА, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ бас менеджері:
— «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры іскер жандарды қолдауға әзір. Біз “Левин” жеке кәсіпкерлігіне субсидия ұсындық. Яғни, пайыздық мөлшерлемені азайтты. Сонымен қатар, кәсіпкер несие сомасына татитын кепілзат ұсына алмаған еді. Осы сәтте қор кепілдік көмек ұсынды.
Кешенде жасалатын өнімді бескөлдіктер жақсы көреді. Тіпті, мұнда өздерінің жеткізу қызметі де бар екен. Яғни, тұрғындар үйде отырып-ақ тапсырыс бере алады. Нысанның екінші қабатында балаларға арналған ойын алаңы бар. Ата-аналардың емін-еркін тамақтануына зор мүмкіндік жасалған.
Нұрасыл Ахмет