Ауыл балаларының қаладағы бір күні. Облыс орталығына Қызылжар және Мамлют ауданынан қыдыруға бір топ бала келді. Жалпы саны – 82. Оқушыларды неше түрлі қызық күтіп тұр. Барлығы алдын ала жоспарланып қойған.
ИРИНА КОЛОДАЕВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
— Экскурсия балалардың көңілінен шығады деген сенімдемін. Ұйымдастырылып отырған шара тек ауылдық жерлердегі балаларға арналған. Себебі, кейбір жеткіншектер облыс орталығына жиі келе бермейді. Ауылдан шықпайтындары да жетерлік. Біз олардың Петропавлдың тарихын, әсем жерлерін білгенін қалаймыз.
Петропавлмен танысу әткеншектерден басталды. Балалар әдемілігімен көздің жауын алатын аттракциондарға жарыса мінді. Мамлюткалық жас Айкүнім Серік бүгінгі сапардың ерекше өтетініне сенімді.
АЙКҮНІМ СЕРІК, №1 Мамлют мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы:
— Экскурсия маған қатты ұнап жатыр. Бүгінгі ауа райы да керемет. Күнім де сол сияқты жақсы өтеді деген сенімдемін. Шынымды айтсам, саябақтан кеткім келмей тұр.
Айта кету керек, жеткіншектер күні бойы қаланың түкпір-түкпірін аралайды. Саябақтан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейіне барады.
Нұрасыл Ахмет