БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Біз оларсыз өмірді елестете алмаймыз. Олар – берік қалқан, олар – күн-түн демей отқа да, суға да түсетін құтқарушы. Сын сағатында ат басындай алтыннан қымбат өміріміздің иесі десек те болады. Бұл – дәрігерлер, медбикелер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы да басқалар. Ақ халатты абзал жандар маусымның үшінші жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл жаздың алғашқы айының 15-ші жұлдызына тұспа-тұс келіп тұр.
Кәсіби мереке қарсаңында солтүстікқазақстандық медицина қызметкерлері қазақ театрына жиылды. Сәні мен салтанаты жарасқан қара шаңырақта өңіріміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін мамандар бас қосты. Олар алдымен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтауын қабылдады. Облыс әкімі абзал жандардың еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
—”Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы” деген сөз бар. Адамның өмірі мен денсаулығын сақтау – үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі үлкен құрметке лайық. Сіздер біліктілік пен мейірімнің арқасында мыңдаған адамның денсаулығын нығайтып, өмір сыйлайсыздар. Жанқиярлық пен еңбекке адалдық үшін сіздерге алғыс айтамын.
Әр медицина қызметкері алғысқа лайық. Олар жауапкершілік жүгі аса салмақты салада тер төгіп жүр. Бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрігердің алдына барамыз, болашаққа үмітпен қараймыз. Осы сәтте мамандардың қоғамдағы маңызын түсінеміз. Салтанатты шара барысында Ғауез Нұрмұхамбетов 30 жерлесімізді марапаттады. Алғаш болып сахнаға Аққайың аудандық ауруханасының психиатр-нарколог дәрігері Ринат Жүсіпов шықты. Ел ағасына министрліктен жолданған “Еңбек ардагері” медалі табысталды.
РИНАТ ЖҮСІПОВ, Аққайың аудандық ауруханасының психиатр-нарколог дәрігері:
— Мен 48 жыл жұмыс істеймін. Мамандығым – невропатолог. Ал қазір психиатр-нарколог дәрігер ретінде еңбек етудемін. Өте қиын сала. Бірақ, бұл салаға қорықпай келу керек. Өзім оқуға әскерден кейін түстім. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын!
Ал Алтынтас Ғабдұлинаға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Денсаулық сақтау саласының ардагері бірнеше мекемеде жұмыс істеді. Өзінің кіндік қаны тамған Ақжар ауданында 20 жылға жуық еңбек етті. Білікті терапевт әр адам өмірдің қадірін түсу қажет деп санайды.
АЛТЫНТАС ҒАБДҰЛИНА, денсаулық сақтау саласының ардагері:
— Ауылда барлық жұмысты істедік. Балаларды да, жүкті әйелдерді де қарадық. Адам өз денсаулығына өзі жауапты болу қажет. Салауатты өмір сүру қажет.
Айтылған алғыс сөз, табысталған марапат, қайта-қайта көрсетілген қошемет медицина қызметкерлерінің еңбегімен салыстыруға келмейді. Бірақ, бұл – оларға деген құрметтің айқын белгісі. Салтанатты шара концертпен аяқталды. Сахнада теріскейлік таланаттар ән салып, жиналғандары өнер теңізінде тербеді.
Байболат Құлтанов