Денсаулық сақтауМәдениет

Жұмысына жауапты, спортқа жақын инфекционист-дәрігер

Абылайхан Таңатар – өңірдің денсаулық сақтау саласына серпін беруге келген ақ халатты абзал жанның бірі. Арнайы үгіт-насихат жұмысынан соң Солтүстік Қазақсан облысын таңдаған инфекционист-дәрігер бүгінде Бірінші қалалық ауруханада және №3 емханада еңбек етеді. Білімді, тәжірибелі жас маман әр науқасқа балаша қарайды. Емделушілерге ұдайы барып, жағдайларын біледі, шағымдарын тыңдайды.

АБЫЛАЙХАН ТАҢАТАР, Бірінші қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

— 2011 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түстім. 5 жыл жалпы медицинаны оқыдым. Қалған 4 жыл педиатрия мен инфекциялық ауруларға арналды. 2021 жылы резидентураны бітірдім. Сол жылдан бастап инфекционист-дәрігер ретінде жұмыс істеймін.

Дәрігер күнде еститін инфекциялық аурулар жас талғамайды. Үлкенді де, кішіні де алқымнан алып, аяқтан шалуы мүмкін. Жаз айларында науқас көбейеді. Қазір кенеден сақтану қажет. Тырнақтай ғана жәндікке мән бермесек, сан соғып қалуымыз ықтимал.

АБЫЛАЙХАН ТАҢАТАР, Бірінші қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

— Науқастар 3 түрлі диагнозбен келеді. Біріншісі – кенелік боррелиоз. Ол көбінесе құстардың кенелері арқылы адамдарға жұғады. Екіншісі – кенелик риккетсиоз. Мұнда жоғары температура болады, денеге бөртпелер шығады. Үшіншісі – кенелік энцефалит. Бұл алғаш аталғандарынан қауіптірек. Мұнда бас миы қабынады.

Дәрігер – адам өмірінің қорғаны. Маусымның үшінші жексенбісінде кәсіби мерекелерін атап өтетін мамандар антқа адал. Олар халықтың амандығын бірінші сатыға қояды.

АБЫЛАЙХАН ТАҢАТАР, Бірінші қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

— Бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Бала күннен дәрігер болуды армандадым. Бастапқыда хирургиялық бағытта еңбек еткім келді. Сосын ойым өзгеріп, инфекциялық аурулармен күресетін маман ретінде қалыптастым. Мамандығыммен мақтанам. Емделіп шыққан науқастарды көру – мен үшін үлкен бақыт.

Абылайхан спортқа жақын. Футбол десе ішер асын жерге қояды. Былтыр жергілікті әріптестерімен толағай табысқа жетіпті. Жұмысына жауапты, спортқа жақын Абылайхан Таңатар шаңырақ көтерген. Жақында шекесі торсықтай ұлдың әкесі атаныпты. Ал тағдыр тоғыстырған жары – ұстаз. Қазір жас отбасы жергілікті билік тарапынан берілген “Дәрігерлер үйінде” тұрып жатыр.

 

Байболат Құлтанов