Аққайың ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті. Бұл жарыс аудан аумағында спорттың дамуына зор үлесін қосқан Темірхан Күшеновты еске алуға арналды. Азамат әрдайым өскелең ұрпаққа үлгі болған. Өңір намысын абыроймен қорғап, республикалық додаларда атой салған шәкірттер тәрбиелеген. Бәсеке облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық жастың басын қосты. Әр белдесу тартысқа толы болды. Сайыс қорытындысы бойынша М.Жұмабаев ауданынан келген палуандар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, бұл дода – құр еске алу шарасы емес, жас спортшылардың деңгейін арттыруға арналған турнир.
ӘЛІШЕР ӘМІРЖАН, жарыс жеңімпазы, М. Жұмабаев ауданы:
— Қазақ күресімен айналысып жүргеніме 7 жыл болды. Жарыста 4 белдесу өткіздім. Барлығында айқын басымдықпен жеңіске жеттім.
ӘЛИ АТАМБАЙ, жарыс жеңімпазы, Есіл ауданы:
— Қарсыластарымның барлығы жарысқа тыңғылықты дайындалып келген. Мен үшін финалдағы қарсыласымды жеңу қиынға соқты. Қалғанын айқын басымдықпен жеңдім.
Нұрасыл Ахмет