Қоғам

СҚО-да шомылу ережесін бұзған 30-ға жуық адамға айыппұл салынды

Ми қайнатар ыстықта шомылмасақ болмайды. Алайда, өзен-көлдердің барлығына бірдей түспеген жөн. “Білмейтін жердің ой-шұқыры көп” дегендей, су айдындарында адам ажал құшуы мүмкін. Тек рұқсат етілген орындарда ғана демалу керек. Бұл туралы құтқарушылар жиі айтады.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

— Жыл басынан бері су айдындарында 2 мыңнан астам үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Мамандарымыз адамдарға барлық ережені түсіндірді. Соған байланысты биыл адам шығыны тіркелген жоқ.

Адам шығыны тіркелмесін. Мамандар осы бағытта кезекшілік те атқарып жатыр. Брифинг барысында аға офицер Ризабек Темірбеков өткен жылдардың статистикасын да жіпке тізді.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

— Соңғы 3 жылда өңірде 15 адам суға батып кетті. Соның үшеуі – бала. Барлығы рұқсат етілмеген жерде шомылған.

Мас күйде шомылуға болмайды. Өзен-көлдерде балаларды үлкендерсіз қалдырмаған да абзал. Осы және өзге де ереже еленбесе, адамдарға айыппұл салынады.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

— Жыл басынан бері шомылу ережесін бұзған 28 адамға айыппұл салынды. Айыппұлдың көлемі 7 АЕК құрайды.

Айта кетейік, Петропавл қаласында әзірге Пестрое көлінде шомылуға болады. Қалалық жағажай әзірге жабық. Онда жақында мамандар тексеріс жүргізіп, тасқыннан кейінгі Есіл өзеніндегі жағдайды анықтайды. Содан соң шешім шығармақ.