Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» жазғы сауықтыру лагерінің алғашқы маусымы бастау алды. Балалар демалатын жер – орман шаруашылығы, яғни жасыл желектің ортасында орналасқан. Ауасы таза, табиғаты әсем, жанға жайлы аумақта демалып, келесі оқу жылына күш жинаудың өзі бір ғанибет. Лагерьдің ашылу салтанатына ұйымдастырушылар тыңғылықты дайындалған. Кішкентай демалушыларды «Мерей» шабыт мектебінің өнерпаздары домбыра күмбірімен қарсы алды.
ҒАФУРА БӨСТЕКОВА, “Серебряный бор” лагерінің басшысы:
— Балалар лагерінде биыл жоспар бойынша 6 маусым болады. 6 маусым ішінде 80 баладан 500-ге жақын баланы демалдырамыз деп ойлаймыз.
“Серебряный бор” лагерінің ұжымы әр баланың көңілінен шығу үшін бағдарлама әзірлеген. Дайындаған жоспар арқылы ұл-қыздар алаңсыз демалады, ойлау қабілеттін жақсартады, бірлесе жұмыс істеуге машықтанады.
НҰРАЙ ҚУАНТАЙ, демалушы:
— Мен “Серебряный бор” лагеріне бірінші рет келдім. Лагерь маған ұнады. Мында жаңа достармен таныстым. Кешке би кеші болады, әртүрлі іс-шаралар өтеді.
Айта кетейік, лагерь басшылығы қонақтарды бір күнге де қабылдайды. Олар үшін арнайы шатырлар тігіледі.
ҒАФУРА БӨСТЕКОВА, “Серебряный бор” лагерінің басшысы:
— Ауысым арасында біркүндік лагерь ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Яғни, оған өзге балалар келіп, табиғат аясында демалады. Күні бойы осында жүреді. Қарағайдың иісі керемет. Таза ауамен тыныстайды, қоршаған ортаға біртабан жақындайды. Денсаулықтары үшін тамаша бастама деп ойлаймын.
Биыл Қызылжар ауданында 6 мыңға жуық баланы демалыспен қамту жоспарланған. Олар лагерьлерге барады, мектеп жанындағы орталықтардың өкілдерімен бос уақыт өткізеді.
АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
— Біздің ауданда тек “Серебряный бор” сауықтыру лагері жұмыс істейді. Демек, біз балаларымызды облыс ішіндегі және облыс сыртындағы демалыс орындарына жібереміз. Атап өткім келеді, биыл көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларда тәрбиеленетін ұл-қыздардың 70%-ы лагерьлерде демалады. Бұл – қуантарлық жайт.
Лагерьде балалар 5 мезгіл тамақтанады. Тамақ ас мәзіріне сай дайындалады. Демалушылардың денсаулықтарына да көңіл бөлінеді. Бұл жерде медбике кезекшілік атқарады.