«Береке» шағын ауданындағы көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жаңа жол бағыттары жобалануда. Бірінші бағыт – ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын жаңа жол «Береке» шағын ауданынан «Нептун» аквапаркіне дейін салынады. Жол Фрунзе, Байболов және Медведев көшелері арқылы өтеді.
Екінші бағыт – Байболов пен Батыр Баян көшелерін байланыстыратын Малая көшесі жөнделуде. Биыл облыс орталығында жалпы 45 көшеге асфальт төсеу жоспарланған, оның ішінде 42-сіне алғаш рет төселеді. Жөндеу жұмыстары Береке, Бірлік, Солнечный, Жұмысшы кенті және қала орталығын қамтиды. Қазіргі уақытта Әуезов, Заводская, Кеншінбаев, Гагарин, Батыр Баян көшелері асфальтталды.
Алдағы үш жылда шағын аудандардағы көшелердің барлығын жөндеу жоспарланып отыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қаланы аралау барысында Малая және Байболов көшелеріндегі жолдың құрылысын, Фрунзе-Медведев көшесіндегі жолдың жобалануын, автокөлік өткелінің, «Береке» шағын ауданындағы жаңа жайлы мектеп пен өрт сөндіру депосының, сондай-ақ «Мағжан орталығы» мәдениет орталығының құрылыс барысын байқады.