Қоғам

Петропавл-Шарм-эль-Шейх: тікелей әуе рейсі ашылады

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-ның жаңа директоры Октем Мұстафа Йылтанмен жүздесті. Кездесуде әуежайдың даму перспективалары, инфрақұрылымды жақсарту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Маңызды жаңалықтардың бірі — нысан енді түнгі рейстерді де қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда жаңа жанармай құю станциясы іске қосылды, бұл логистиканың жақсаруына, үлкен әуе кемелерін қабылдауға жол ашты. Сонымен қатар, 2 шілдеден бастап Петропавл — Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша жаңа туристік әуе рейсі іске қосылады. Келешекте басқа да халықаралық бағыттарды ашу жоспарда бар. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін ұлғайтып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және солтүстікқазақстандықтар үшін туристік мүмкіндіктерді кеңейтуге септігін тигізеді.