Петропавлда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібіне 4 мәселе шығарылды. Алдымен ортаға қала әкімі аппаратының басшысы Ольга Абдрахманова шықты. Ол халық қалаулыларына 3 жерлесімізге қаламыздың “Құрметті азаматы” атағын беруді ұсынды.
ОЛЬГА АБДРАХМАНОВА, Петропавл қаласы әкімі аппаратының басшысы:
— М. Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, астрофизик Андрей Солодовникке, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді қажы Кенжеғозиновке және еңбек ардагері Сара Тасеменоваға қаланың “Құрметті азаматы” атағын беруді ұсынамыз. Аты аталған жандар – жалғыз шаһардың ғана емес, өңіріміздің дамуына зор үлесін қосқан жандар. Олар осы уақытқа дейін өздерінің біліктіліктерімен ерекшеленді.
Бұл ұсынысты қалалық мәслихат депутаты Павел Афанасьев бірден қолдады.
ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, қалалық мәслихат депутаты:
— Мәселен, Андрей Солодовниктің арқасында біз аспан әлемінде болып жатқан құбылыстарды білеміз. Ол – қаламызды толықтай зерттеген жан. Тіпті, осыдан 280 жыл бұрын Петропавлда болған ауа райы жайлы халыққа мол ақпарат ұсынған. Аспанда таңсық құбылыстар орын алса, білу үшін бірден осы азаматтың көмегіне жүгінеміз. Оған қоса, ол осы күнге дейін жүздеген астрофизикті тәрбиелеген.
Бұл ұсыныс депутаттардың көңілінен шықты. Енді аты аталған жандар қала күніне орай мәртебесі жоғары атаққа ие болады. Жиын барысында Петропавл қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін қайта бекіту мәселесі қаралды. Мінберге қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Марат Ерханов шығып, бөлінген ақшаның бағытталу жолдарын нақтылап айтты.
МАРАТ ЕРХАНОВ, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:
— Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бөлінетін қаржыны 320 млн теңгеге қысқартуды жоспарлап отырмыз. Керісінше құрылыс саласына бағытталатын қаржыны – 157,5 млн-ға, жер қатынастары бөліміне бөлінетін қаржыны 73,5 млн-ға ұлғайтуды сұраймын. Биыл бюджетке 67 млн кіріс кірген. Соның 40 пайызы – салық түсімдерінен.
Халық қалаулылары айтылған ұсыныстарды бірауыздан қолдады.
Нұрасыл Ахмет