Облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті. Жиында жол инфрақұрылымы мәселелері талқыланды. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Сергей Мелехов, “ҚазАвтоЖол” мен “Ресей темір жолдары” АҚ-ның жергілікті өкілдері қатысты.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД ӘПБ бастығы:
— “Береке” шағын ауданы өскен сайын қос негізгі бағыт: Әуезов пен Батыр Баян көшелеріндегі қозғалыс та анағұрлым артты. Осы орайда велосипешдшілер мен электросамокатшылардың қауіпсіз қозғалуына жағдай жасалмаған.
Тисті тексеріс жүргізген полицейлер құзырлы органға бірнеше ұсыныс әзірледі. Оның ішінде оң жаққа бұрылу бағытын жасау, көшені кеңейту және қосымша тротуар салу мәселелері қамтылған.
ЖАСҰЛАН АХМЕТОВ, СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші орган төрағасы:
— Қалалық әкімдік пен ТҮКШ бөліміне 2025-26 жылдарға арналған жұмыс жоспарына Байболов пен Гагарин көшелеріне тротуар салуды қосу туралы ұсыныс білдірілсін. Бұл – ұсыныстардың бірі. Баяндамадағы тізілім ұзақ. Бәрін оқудың қажеті жоқ.
Сондай-ақ, Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі апат мәселесіне тоқталды. Талдауға сәйкес, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының 30%-дан астамы қараңғы кезде болған. Кеңес мүшелері мәселені өзара талқылап, полицейлердің қосымша жол белгілерін орнату туралы ұсыныстарын қолдады. Мамандар аталған шаралар жолдағы апат қаупін айтарлықтай азайтады деген үмітте.