Ауыл шаруашылығыЭкология

Ботаникалық бақта құрма ағашы жеміс берді

Ботаникалық бақтағы мына құрма ағашының орны бөлек. Оны сонау 200 жыл бұрын бақтың иелері қасиетті Мекке қаласынан әкеліпті. Жасыл желек жылда гүлдейді, жеміс береді. Бірақ, биыл мұнда тылсым құбылыс орын алды. Оған қызметкеткерлердің өзі таң қалуда.

Таң қаларлық жайт – биыл жемістің көл-көсір болуы. Әрі дәмі таңдайдан кетпес өнімнің түсі өзгерген. Бақтағы құрма жылда жасыл және көлемі жағынан кішкентай күйінде қалып келіпті. Ал ағымдағы жылы қоңыр түстегі тәтті жеміс адамның алақанына сыяды.

АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:

— Біз үшін бұл ерекше құбылыс саналады. Себебі, мен мұнда бала кезімнен жұмыс істеймін. Құрма ағашының мұндай жеміс бергенін мүлдем көрген емеспін. Жасыл желектің биіктігі 20 метрдей болады. Өнім ағаштың төбе жағында өседі. Тарихи оқиғаға барлығымыз қуанып жатырмыз.

Құрма ағашы неге биыл таң қалдырды? Мамандар осы сұраққа жауап іздеген. Түрлі нұсқа бар. Тарихи жайт ауа райымен байланысты болуы мүмкін. Қыста қытымыр аяз әлекке салмады, көктем де ерте келді. Пальмаға күннің сәулесі көп түскен. Осыған байланысты жылыны сүйетін жасыл желек қызметкерлерді қуантуы ықтимал.

АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:

— Негізі, құрма ағашына аса қатты күтім қажет емес. Қыс мезгілінде пальманы 15 градустан жоғары температурада ұстаймыз. Ал жаздыгүні сынап бағанасы 30 градустан асуы керек. Жапырақтарын қырқып отырамыз. Біздің бақта осындай пальманың 3-еуі бар.

Бақтағы құрма жиналып, саудаға шығарылмайды. Қызметкерлер оның тұқымын алып, екпекші. Алдағы уақытта жасыл желекке жаны жақын жерлестеріміз тағы да сүйінші сұрауы мүмкін. Мұнда мамандар тропикалық монстера өсімдігінен тұқым алмақшы. Бұл да жылда бола бермейтін құбылыс.

 

Мәдина Қаби