БалаларБілім

Білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты бекітілді

Қазақстандағы білім беру ұйымдарында тамақтану тәртібі өзгереді. Нақтырақ айтсақ, елімізде тәлім алушыларды аспен қамтудың жаңа стандарты бекітіліп, көп нұсқалы үлгілік мәзір мақұлданды. Өзгеріске сәйкес, құрамында табиғи емес өнімдер мен тұз бен қант көп болатын азық-түлік алынып тасталады. Олар: шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындар, спредтер, дәм мен иісті күшейткіші бар өнімдер және т.б. Аталғандардың орнын көкөніс, жеміс-жидек пен табиғи өнімдер басады. Қазіргі уақытта мектеп әкімшіліктерін, медицина қызметкерлерін, тамақтану қызметтерін жеткізушілерді және бракераждық комиссияның мүшелерін онлайн оқыту жүргізілуде. Кейін мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметкерлері қажетті ақпар алады.

РОЗА ҚОЖАПОВА, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

— Мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен калориясын ескере отырып жасалған, онда жас санаттары, маусымдық, сондай-ақ ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы ескерілген. Стандарт сондай-ақ шағын жинақталған мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және қант диабеті, тамақ аллергиясы, целиакия ауруы, лактоза жеткіліксіздігі және басқа да аурулар сияқты ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптарды қамтиды.

 

Байболат Құлтанов