Қоғам

Бал араның бабын тапқан азамат

Петропавл маңындағы саяжайлардың бірі. Жақын маңда – түрлі түсті омарталар. Олардың иесі Олег Гавриловтің биылғы маусымда берген алғашқы өнімін бағамдап жатыр. Білікті маман бал жинау науқанын мамыр айында бастаған. Азамат бұл кәсіппен 10 жылдан бері айналысады.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:

— Есіл маңында омарташылықпен айналысқан өте тиімді. Себебі, өзен жағасында түрлі пайдалы шөп өседі. Нәтижесінде аралар мол өнім береді. Кей кезде жолақтыларды ашуландырып алатын кезіміз болады. Ол кезде қураған шөп жағып, жәшіктің жанына қоямыз. Түтіннің иісін сезген аралар бірден тынышталады.

“Пасека-Қызылжар” омарташылығында 200-ге жуық ара ұясы бар. Әр жәшіктің ішінде 70 мыңнан астам жәндік болады.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Шыны керек, арадан барлығы дерлік қорқады. Бұл жәндік шақса, оңдырмайды. Бірақ, араның карника тұқымы өте салмақты келеді екен. Өзің тиіспесең, шақпайды. Тағы бір ерекшелігі, алкогольдің, адамға себетін әтірдің иісін мүлдем жақтырмайды екен.

Аралар иісті тез сезгенімен қоймай, тазалықты да ұнатады екен. Сондықтан омарташы жәшікті күніне бірнеше рет тазалап отырады. Омартаның ішін жинап отырмаса, бал бермей қоюы ғажап емес.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:

— Бал – адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Қан құрамын жақсартып, иммунитетті арттырады. Жүрек, асқазан ауруларын емдейді. Тіпті, қант диабетіне шалдыққан адамдарға да қолдануға болады. Артық салмақтан арылуға да көмектеседі.

Айта кету керек, былтыр тәжірибелі маман 10 тонна өнім алыпты.

Нұрасыл Ахмет