БалаларМәдениет

Жас суретшілердің цифрлық картиналары көрермен назарына қойылды

Облыстық бейнелеу өнері музейнде «Young Dreamers» атты ерекше көрме қанат жайды. Көрмеге Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 оқушысының 28 цифрлық картинасы қойылған. Жас авторлар заманауи технологияларды қолдана отырып жасанды интеллект пен генеративті құралдар арқылы тың идеяларды ұсынған.

АЛИНА ҚАДЫРОВА, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

— Бір күні сүйікті YouTube-блогерімнің видеосын көріп қалдым. Оның шығармашылығы менің ерекше назарымды аудартты. Қарап отырсам, қаншама суретші оны түрлі қырынан салып, ерекше идеялар ойлап тауып жатыр екен. Сол сәтте мен оның басқа адамдарға қаншалықты шабыт сыйлайтынын түсіндім. Сол шабытты мен де сезіндім. Содан кейін оның кейіпкерін салып көруді шештім. Бұл жұмысым арқылы ол адамдарға қалай әсер ететінін, өнер арқылы шабыт тудыра алатынын көрсеткім келді.

Көрменің басты мақсаты – жас дарындылардың өнерге, технологияға және өзіндік даму жолына деген қызығушылығын қолдап, оларды шабыттандыру. Көрме студенттердің көркемдік қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар, цифрлық өнердің мүмкіндіктерін де ашады. Оқушылардың салған суреттерінің шағын көшірмелерін сатып алуға болады.

ӘЛИЯ МОЛДАХМЕТОВА, Назарбаев Зияткерлік мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі:

— Көрменің атауы «Армандаушы жастар» дегенді білдіреді. Мұнда балалар өздеріне шабыт сыйлаған дүниелерді бейнелеген. Мен балаларға бағыт беруге тырыстым. Біз барынша жағымды, позитивті суреттерді көрсетуге тырыстық. Сондықтан, көрме өте шуақты, мейірімге толы, балалардың жан дүниесін бейнелейтін көрме болды.

«Young Dreamers» сынды көрмелер – жас буынның шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың заманауи технологиямен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға зор мүмкіндік береді. Егер дәл осындай бастамалар көбейсе, біз шығармашыл, ойы ұшқыр және заманауи әлемге бейімделе алатын жаңа буын қалыптастыра аламыз. Бұл – өнер мен білімнің тоғысуындағы жаңа кезеңнің бастауы.