Облыс орталығында асық ату спортынан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Осымен 11-ші рет жалауын желбіреткен додаға кіл мықтылар жиылды. Аса маңызды сайыс. Сақасын сайлап, бесасығын қоржынға байлап жеткен споршылар тұғырдан көрінсе, ұлттық құрама қатарына алынады.
ЖОМАРТ САБЫРЖАНОВ, ҚР асық ату федерациясының тұңғыш президенті:
— 19 өңірден келді. Бұрын мұндай болмаған. Петропавлға нағыз сұрмергендер жиылды. Жүлдегерлер ҚР спорт шебері атағын иленеді, сосын ұлттық құрамаға мүше атанады. Үздіктер еліміздің намысын халықаралық деңгейде қорғайтын болады.
Асық ату сырт көзге оңай көрінеді. Шын мәнінде олай емес. Жарыста қос ойыншыға 10 минут беріледі. Осы уақыт ішінде бақ сынаушылардың бірі қаз-қатар тізілген 15 асықтың 8-ін дәл көздеп, шеңбер сыртына шығару керек.
Спортшы үшін де, бапкер үшін де психологиялық тұрғыда қиын. Физикалық дайындық та маңызды рөл атқарады. Ойын барысында асықшылар үнемі қозғалыста болуы тиіс. Ал ердің жасына таяған Әділхан Жұмағұловтың еті бұған әбден үйренген. Ағамыз жастардың алдын орап жүр.
ӘДІЛХАН ЖҰМАҒҰЛОВ, асықшы, Астана қаласы:
— Астана қаласында Наурыз мейрамында асық атудан жарыс өтеді. 10 жыл бұрын кездейсоқ қатыстым. Сонда 2 телефон және 1 планшет ұттым. Осылайша бапкерлердің көзіне түстім. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, тұңғыш Азия чемпионы атандым.
Солтүстікқазақстандық асықшылар да оңай шағылар жаңғақ емес. Олар Петропавлда намысты қолдан бергісі келмейді.
АҚЖАН СҰРАҒАНОВ, СҚО асық ату федерациясының президенті:
— Бірінші тур аяқталды. СҚО құрамасы абыроймен өнер көрсетуде. Маңғыстау облысының құрамасын жеңді. Ойыншыларымыз дайын. 10 күндік дайындықтан өтті.
Ал мына залда бесасықшы азаматшалар сынға түсуде. Үлкен де бар, кіші де бар. Қызылордалық Сафура Сейтенова жарысқа немересін ала келіпті. Тәжірибелі ойыншы ұлттық ойынға жастардың бет бұрғанын қалайды.
САФУРА СЕЙТЕНОВА, бесасықшы, Қызылорда облысы:
— Ардагерлер арасындағы жарыстарға қатысамын. 3-4 рет жеңімпаз атандым. Бесасық жастарға тәлім-тәрбие береді. Мидың жұмысын жақсартады.
Асық ату спортынан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты маусымның 13-ші жұлдызына дейін жалғасады. Ұлттық спортымыздың дамуына үлес қосып жүрген жандардың жарысын “Береке” ықшам ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тамашалауға болады.
Байболат Құлтанов