Саналы ғұмырын театрға арнаған талант иесі. Қалалық мәдениет үйінің жанындағы халық театрының көркемдік жетекшісі Надежда Окунева 60 жылға жуық өнер саласында еңбек етеді. Жақында 75 жасқа толды. Дарынды теріскейліктің мерейтойы қалалық мәденит үйінде тойланды. Қуанышты бөлісуге өзінің жақындары мен әріптестері келді.
Надежда Окунева мектепті аяқтаған соң байқауға қатысқан. Сол сәтте өнер саласы өкілдерінің көзіне түсіп, шығармашылық жолға келген. 15 жылдан соң қалалық мәдениет үйінің жанындағы халық драма театрының көркемдік жетекшісі атанған. Өзі актриса әрі режиссер. Тұнып тұрған талант иесінің сөзінше, шығармашылық оған үнемі бақыт сыйлайды.
НАДЕЖДА ОКУНЕВА, қалалық мәдениет үйінің жанындағы халық драма театрының көркемдік жетекшісі:
— Түрлі қойылымда актриса болып ойнадым. Оның ішінде драма да, комедия да, басқасы да бар. Кейін қойылым құрушы, яғни режиссер ретінде де жұмыс істедім. Сан түрлі қойылымды ойлап таптым. Ең бастысы, жанымдағы жақындарым, әріптестерім маған қолдау білдіріп жүрді.
Артынан ерген шәкірттері азаматшаны үлгі тұтады. Олар жанын, өмірін өнерге арнаған Надежда Александровнадай адам саусақпен санарлық деп санайды.
МҰХАМЕДӘЛИ ИСПАНОВ, қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:
— Бұл кісі туралы көп айтуға болады. Отбасыларымен өнерлі. Артынан еріп келе жатқан қыздары да бар. Надежда Александровнаның өмір жолы осы қалалық мәдениет үйінде басталған.
Надежда Александровна мерейтойы барысында “Еңбек даңқы” медаліне ие болды. Бұл марапатқа өзге өнер иелері де балаша қуанды.
Мәдина Қаби