ҚоғамҚұқық қорғау органдары

Қоғамдық көлікті мас күйде жүргізген

Қоғамдық көлікті мас күйде жүргізген жүргізуші анықталды! Айыртау ауданының полицейлері ауыл арасындағы жолдардың бірінде күдік тудырған автобусты байқайды. Тоқтатып, тексеру барысында рөлдегі адамның ішімдік ішкені белгілі болады. Абырой болғанда, салонда жолаушылар отырмаған.

Жүргізушінің автобусты қалай басқарғаны түсініксіз. Ол әрең сөйлеп тұр, сұрақ-жауап барысында балағат сөздер де айтты. Айта кету қажет, 19-шы сәуірден бастап теріскейлік тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолдарда тексеруді күшейтті. Содан бері сауысқандай сақ шенділер 174 мас жүргізушіні анықтады. Ал тіркелген құқық бұзушылықтың жалпы саны 9 мыңға жуықтайды. Өз кезегінде сақшылар темір тұлпар тізгіндеген жандарды тиісті ережелерді сақтауға шақырады.