Маусымның 4-і мен 7-сі аралығында Ақтөбеде муай-тайдан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Дүбірлі додада облыс намысын 34 спортшы қорғады. Жерлестеріміз уыс-уыс медаль еншіледі. Толығырақ айтсақ, теріскейліктер 7 алтын, 8 күміс және 4 қола жүлдені қоржынға салды. Ал бүгін муайтайшылар Петропавлға оралды. Оларды жақындары мен достары күтіп алды.
ВИКТОР ВЕГЕЛЕ, “Жауынгер” спорт клубының жаттықтырушысы:
— Шәкірттерім үмітімді ақтады. Шынымды айтсам, мұндай нәтиже күтпедім. Жарысқа 12 облыстан келген кіл мықтылар қатысты. Барлық кездесу спортшылар үшін оңайға соқпады. Демалуға уақытымыз жоқ. Алда бізді ірі додалар күтіп тұр. Ертеңнен бастап келесі жарыстарға дайындықты бастаймыз.
Ел чемпионатында тұғырдың ең биік сатысынан көрінгендердің бірі – Асан Әлі Сарқыт. Ол муай-таймен 3 жылдан бері айналысады. Жігерлі жас болашақта Қазақстанның намысын абыроймен қорғайтын спортшы атанғысы келеді. Айта кету керек, Асан Әлі Ақтөбеде “Ең үздік техника” аталымы бойынша да бас жүлде еншілепті.
АСАН ӘЛІ САРҚЫТ, муай-тайдан ҚР чемпионы:
— Ел чемпионатына осымен екінші рет қатысып отырмын. Біріншісінде қола медаль жеңіп алдым. Жарыс өзімнің көңілімнен шықты. Мол тәжірибе жинақтадым. Босаңсуға уақыт жоқ. Дайындықты бір сәтке де үзбеймін. Көп еңбектенген спортшы ғана зор жетістірге жете алады.
Айту кету керек, жарысқа барлығы 300-ден астам жасөспірім қатысты.
Нұрасыл Ахмет