Аққайыңдар өлкесі елге тұмса табиғатымен танымал. Облысымыздың айналасы ағашқа толы. Айтып келмейтін апаттың алдың алып, жасыл желекті өрттен сақтау қажет. Қазіргі таңда жергілікті орман алқаптарында минералды жолақ жырту жұмыстары мықтап қолға алынған.
Маңызды жұмыс “Қызылжар” орман шаруашылығына қарасты “Құйбышев” орманшылығында оң жолға қойылған. Аталған шаруашылықтың жалпы аумағы 68 мың гектардан асады. Бұл байлықты қызыл жалыннан аман алып қалу – табиғат жанашырларының басты міндеті.
РҮСТЕМ ЖАНАХМЕТОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының инженері:
— Биыл біз 3 км 600 метрден астам аумақты жыртатын боламыз. Орман өрті қауіпті кезеңіне көктем келісімен дайындықты бастадық. Түгел техниканы дайындап, қосалқы тіркеуіш құрылғылардың барлығын жөндеуден өткіздік. Жаздың басынан бастап күзге дейін 3 мәрте жер жырту жұмыстары жүргізіледі.
Жолақтың ені 4 метрді құрайды. Осылайша, осы 4 метрлік жолақ тілсіз жаудың келесі бетке өтіп кетпеуіне жол бермейді. Шаруашылықта былтыр да биыл да орман өрті фактісі тіркелмеген. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ. Табиғат жанашырлары тұрғындардан сөндірілмеген темекі тұқылын жерге тастамауларын сұрайды. Себебі, кішкене ғана шоқтың кесірінен тұтас орман зардап шегуі мүмкін. Мекемеде өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті Әлішер Жақыш 10 күннің ішінде минералды жолақтардың пайдасы жайлы толықтай білген екен.
ӘЛІШЕР ЖАҚЫШ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Келеңсіз жайттардың алдың алу мақсатында біз ескерту тақтайшаларын көптеп орнатып жатырмыз. Минералды жолақтар өрттің өршуіне жол бермейді. Қызыл жалынның орманға өткізбейді.
Айта кету керек, облыстағы орман қорының жалпы аумағы 550 мың гектарды құрайды.
Нұрасыл Ахмет