Бүгін облыстық мәслихатта әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ломоносов ауылдық округінің әкімі Вячеслав Барсуковтың тәртіптік ісі қаралды. Азамат түн ортасында дәмханадан сыра ішіп шығып, Петропавлдың дәл ортасында мас күйде жүрген. Бұл туралы толығырақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің өкілі Дархан Ермеков баян етті.
ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:
— Барсуков 31-ші мамырда түнгі сағат 12-лер шамасында Қазақстан Конституциясы көшесіндегі ойын-сауық орталығының алдында мас күйінде тәртіп сақшыларының қолына түсті. Кейін полицейлер оған 9 мың 830 теңге көлемінде айыппұл салып, қатаң ескерту жасаған.
Вячеслав Барсуков осымен бірінші рет аяғын шалыс басып тұрған жоқ. Бұған дейін екі рет мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін іске барған. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Барсуковқа қатысты қатаң жаза қабылдау керек деген шешімге келді. Барсуков та өз қателігін мойындады.
Келесі тәртіптік іс Ақжар ауданындағы Кішіқараой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабыроваға қатысты. Басшы рұқсат етілмеген жерде, яғни жергілікті әкімдік қабырғасында сауда-саттық жүргізген пошташының ісіне көз жұма қараған.
ӘСЕМГҮЛ БЕГАЛИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
— Пошта округ әкімі аппаратының мекемесінде орналасқан. Одан бөлек оның ішінде учаскелік полицей, ветеринарлық дәрігер жұмыс істейді және кітапхана орналасқан. Кейін полицейлер бұл тәртіп бұзушылықты анықтап, пошташыға 58 мың 980 теңге көлемінде айыппұл салды.
Ботагөз Сабырова пошта қызметкерінің 0,25 мөлшерлемеде ғана жұмыс істейтінін және жалақысының 40 мыңға да жетпейтіндігін айтып ақталды. Ал аталған қызметкердің төрт баласы бар. Қорытындылай келе, соңында округ әкіміне ескерту жасалды.
Мәдина Қаби