Бескөлде электромонтаждаушылар арасында республикалық жарыс өтіп жатыр. Сайысқа қауіпті де қиын жұмыстың қыр-сырын меңгерген, өз ісіне мығым мамандардан құралған 6 команда қатысты. Басты мақсат – біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:
— Байқау арқылы біз мамандардың жұмысын тексереміз. Оза шапқандарын жұмысқа шақырамыз. Яғни, бұл жай ғана сайыс емес, зор жетістіктерге жол ашатын шара. Дода 6 кезеңнен тұрады. Жеңімпаз атанғандары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Электромонтаждаушы – әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірі. Осы бағытта еңбек етіп жүрген жан епті әрі байыпты болуы тиіс. Шалыс бассаң өмірмен қоштасуың да ғажап емес. Әр кезеңде командалар апаттық жағдайларды жою, электр қондырғыларын іске қосу, нормативтік-техникалық құжаттаманы білу, биікте жұмыс істеу, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бойынша сынға түсті.
ЮРИЙ ВОЛОШАНИН, «Павлодар ЭТК» АҚ ҚЭК бас инженерінің орынбасары:
— Жарысқа біз ұзақ уақыт дайындалдық. Сайыс оңай өтеді деп ойлаймын. Себебі, күнделікті атқарып жатқан жұмысымыз ғой. Додаға тек жеңіске жету үшін келдік.
Айта кету керек, республикалық дода маусымның 13-іне дейін жалғасады.