Бүгін петропавлдық өрт сөндірушілердің екі аяғы тағы да бір етікке тығылды. Әуезов көшесінде терек мамығы жанды. Желдің кесірінен от жоғары жылдамдықпен тарады. Тіпті жылу құбырының үстіне көтерілді.
Абырой болғанда тілсіз жау ауыздықталды. Дер кезінде сөндірілмегенде жақын маңайға тарап, ауыз толтырып айтарлықтай қауіп төндірер, шығын әкелер еді. Бұл Петропавлда терек мамығына қатысты орын алған алғашқы өрт оқиғасы емес. Мамырдың 29-шы жұлдызынан бастап мамандар 7 шақыртуға шығыпты.
Жайсыз жайттың алдын алу мақсатында қалалық ТЖБ басқармасының мамандары “Тұңғыш Президент” саябағына барып, серуендеп жүрген тұрғындармен кездесті. Түсіндірме қағаздарын таратты, ережелер жайлы айтып берді.
ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық ТЖБ аға анықтаушысы:
— Жайсыз жайттың алдын алу мақсатында біз күн сайын тұрғындармен кездесеміз. Түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Көшеде жүрген кезде ақ ұлпаға темекінің тұқылын тастамау қажет. Ата-аналарға айтарым, балаларға жандырғыш заттарды бермеулеріңізді сұраймын. Оңы мен солын білмейтін жеткіншектердің кесірінен қаншама гектар аумақ зардап шегуі мүмкін.
Ақ көрпеге оранған Петропавл тұрғындары теректің мамығы әлекке салғанын жеткізді. Жарты жыл аяз бен бораннан қиыншылық көрген жұрт енді ақ ұлпамен күресіп жүргеніне қынжылады. Әсіресе, желді күні дем алу қиын дейді.
Жағалай ұшқан мамыққа байланысты терек ағашына қатысты түрлі пікір айтылады. Кейбіреулер осы жасыл желектің кесілгенін қалайды. Ал бұған ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов қарсы. Өсімдік атаулыға жаны жақын азамат халықты теректің пайдасын білуге шақырады.
АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:
— Ағаштардың ішінде терек өте пайдалы болып келеді. Бір терек ауаны бір тәуліктің ішінде 40 келі шаң-тозаңнан тазартады. Түтін мен ылғалды өзіне сіңіріп алады. Әрине ол аллергиялық ауру туғызуы мүмкін. Бірақ, бұл маусым айында болатын құбылыс қой.
Білікті маманның сөзінше, терек кемінде 100 жылдай өмір сүреді. Тіпті, ағаштың бұл түрі жер қойнауындағы судың тартылып кетпеуіне зор септігін тигізеді екен.
Нұрасыл Ахмет