Қала тұрғыны Евгения Крутевич – қуыршақ жасаудың хас шебері. Ол мұндай іспен біраздан бері айналысады. Қоржынында әртүрлі образдағы туынды бар. Олар 1 сағатта немесе 1 күнде пайда болмайды. Талантты жерлесіміз кейбіріне апталап уақыт жұмсайды.
ЕВГЕНИЯ КРУТЕВИЧ, қолөнер шебері:
— Бұл қуыршақты үш апта жасадым. Оның көлемі үлкен, сондықтан әжептәуір уақыт кетті. Кейбірі 1 жұмада дайын болады. Бұл бағытқа ойда-жоқта келдім. Бір күні жұмысымдағы шебер қыз түрлі кейіпкердің қарапайым нұсқаларын дайындап жатты. Үйге келген соң ойландым, қиялыма ерік бердім. Мен де әзірлей аламын деген ой келді. Шеберлік сабақтарын қарадым, осылай шеберлер әлеміне еніп кеттім.
Шебер әрбір қуыршаққа ерекше мән береді: қажетті материал дайындайды, полимер балшық қайнатады, мүсінін әзірлейді, мата іріктейді, киімін тігеді. Бұл жұмыстың жартысы ғана. Артынша жерлесіміз туындысының шаш үлгісіне жапсырылатын моншақтарына дейінгі тұстарға көңіл бөледі. Евгения 10 жыл бойы тігінші және жұмсақ жиһаз жасаушы болып еңбек еткен. Яғни, қолөнерге бұрыннан жақын.
ЕВГЕНИЯ КРУТЕВИЧ, қолөнер шебері:
— Алда мені ауқымды жобалар күтіп тұр. Қолданыстағы заттар арқылы жер шарының үлгісін дайындасам деймін. Онда асқар таулар, алуан түсті гүлдер мен ағаштар болады. Осы бастама арқылы табиғатымыздың сұлулығын жеткізгім келеді. Әрине, бұл – зор еңбекті, қайратты талап ететін ауқымды жоба. Сонымен қатар, қуыршақтарға көне киімдер тіксем деймін. Ол үшін көп зерттеу жүргізген жөн. Мен бұған дайынмын. Болашақта көпшілікке танылу – менің мақсатым.
Петропавлдық шебер республикалық көрмелерге де қатысқысы келеді. Әзірге шақырту түспепті. Сонымен қатар, дайындап жүрген шәкірті де жоқ. Ерекше өнер иесі болашақта осы бағытқа мән береді деген ойдамыз.