Балғындар көптен күткен күн де келіп жетті. Бүгіннен бастап Оқушылар сарайындағы “Жазғы академия” лагері жұмысын бастады. Яғни, оқушылар мектеп жанындағы жазғы лагерь сияқты осында да келіп, уақыттарын тиімді өткізеді. Қарым-қабілетіне қарай қалаған үйірмеге қатыса алады. Мына тұрған ұл-қыздардың арасында қаланыкілер ғана емес, ауылдан, тіпті өзге өңірден келгендер де бар екен.
Қазір 1-ші мауысымға 200-ден аса бала келіп жүр. Бірінші кезең “ART Әлем” деп аталады. Яғни, оқушылар сурет салуға бейімделеді. Мәселен, суретшілер тобында 14 бала бар екен. Жас қылқаламшылар қазір сурет салу машығын дамытып жатыр.
ВАРВАРА ПУШКАРЕВА:
— Біз әуелі қарындаштардың түр-түрімен таныстық. Жетекшіміз бізге жолда жүру ережесін түсіндіргеннен кейін сол ережеге сәйкес белгіні бейнеледік. Жануарларды да қағаз бетіне түсірдік. Бұл жердегі жасалған жағдай маған ұнайды, сол себепті екінші рет келіп отырмын.
АЛЁНА КОЗЛОВА, оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінің педагогы:
— Балалар бүгін сурет салады. Сабақ кестесі бойынша мүсін, қолданбалы өнер сияқты сабақтараға қатысады.“Күн сайын оларда әртүрлі тақырып болады”.
Жазғы лагерьде барлығы – 6 маусым болады. Олар: “ART Әлем”, “Бионик”, “Пиксель”, “Happy holidays”, “Дарын Life”, “ART әлем” деп аталады. Осы орайда балалар сурет әлеміне саяхат жасайды. Сондай-ақ, түрлі ғылым бағытындағы сабақтар өтеді. Спорттық ойындар ойнатылып, эстафеталар ұйымдастырылады. Бір цикл 10 күнді құрайды.
ЛЮДМИЛА ЗАЙНУТДИНОВА, оқушылар сарайы директорының орынбасары:
— Бірінші маусымдағылар келесісіне қала алады. Балаларды өзіміз таңдап алған жоқпыз, барлығы өз еріктерімен келіп отыр. Ата-аналары алдымен өтініш жазады. Қазір келесі кезеңдерге де бала жинап жатырмыз. Бір күн екі ауысымға бөлінген. Біріншісі таңнан түске дейін болса, келесісі түстен кешке дейін.
Өткен жылы жазғы лагерьге мыңнан астам бала қатысқан. Биыл Оқушылар сарайының өкілдері 2 мыңнан астам баланы қабылдауды жоспарлап отыр.
Мәдина Қаби