Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» лагеріне барды. Сапар барысында облыс әкімі аймақтағы балалар демалыс орталықтарының қазіргі жағдайы туралы есебін тыңдады. СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов барлық 10 лагерь жөнделіп, бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын атап өтті. 2 нысан жұмысын бастап кеткен, қалғандары 10 маусымда ашылады.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Бүкіл қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілді, қауіпсіздік шаралары толық қамтылды, лагерьлердің айналасы қоршалып, барлығы бейнекамералармен жабдықталды. Қазір 128 камера орнатылған. Полиция департаменті тексеріп шықты. Жамбыл ауданында кейбір мәселелер болған, бірақ кеше барып көріп, олардың да шешілгеніне көз жеткіздік.
Облыстық білім басқармасының басшысы республика деңгейіндегі идеологиялық басымдықтарды ескере отырып, бірыңғай бағдарлама енгізілгенін баяндады. Лагерьлерде патриоттық тәрбие, экологиялық сана мен құқықтық сауаттылыққа басымдық берілуде. Әр күннің өзіндік тақырыбы бар – қауіпсіздіктен бастап, экология, ғылым мен өзін-өзі басқаруға дейін. Сонымен қатар, жұмысшы мамандық иелерімен кездесулер мен экспедициялар жоспарланған.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Бірінші күн қауіпсіздікке арналған. Судағы, ормандағы, спорт алаңдарындағы қауіпсіздік. Бұл жерде ТЖД жұмыс істейді. Полиция департаментімен заң мен құқықтық тәртіп бойынша жұмыс жүргіземіз. Денсаулық пен спорт күні, мәдениет күні, туризм күні. Ғылым күні – егер ауысым 10 күн болса, екі күн ғылымға арналады. Экспедициялар қарастырылған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік бағдарлау күні өтеді. Колледж өкілдері келіп, еңбек ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Өзін-өзі басқару күні де бар. Бұл күні болашақ көшбасшыларды, волонтерларды, «Таза Қазақстан», «Жазсарбаз», «Адал ұрпақ» жобалары аясындағы жастарды дайындаймыз.
СҚО ТЖД өкілдері қызметкерлерді оқыту, камера орнату және күнделікті нұсқаулық өткізу шаралары туралы баяндады. Облыс әкімі жазғы демалысты ұйымдастыруда басты басымдық – балалардың қауіпсіздігі екенін атап өтті: «Главное – безопасность детей, поэтому на контроле я прошу опытных руководителей, на контроле надо будет держать. Сотрудники должны быть вместе с детьми, чтобы безопасность была обеспечена».
«Оқжетпес» лагері – облыстағы ең көне мекемелердің бірі, 1957 жылдан бері жұмыс істейді. Өткен жылы оны күрделі жөндеуге 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, инфрақұрылымы толығымен жаңартылған. 6 маусым күні алғашқы демалушылар келді, қазіргі уақытта лагерьде 100 бала демалуда.
САЙРАМБЕК ЖАҚЫПОВ, Аққайың ауданы білім бөлімінің басшысы:
— Ауысым 10 күнге созылады. Биыл 6 ауысым өткізіп, 600 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұрын 350 бала қатысатын. Биыл жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін Мамлют ауданынан балалар қызығушылық танытып жатыр, 100 бала келді, Тимирязев ауданынан 30 бала келеді. Петропавл қаласынан да ата-аналар сұрап жатыр.
Лагерьге алғаш рет келген сегіз жасар Василина Килина алғашқы әсерімен бөлісті. Ол жаңа достар тауып, түрлі ойындар мен дәмді ас мәзіріне риза екенін айтады.
ВАСИЛИНА КИЛИНА, Аққайың ауданының тұрғыны:
— Мен лагерьге бірінші рет келдім, маған бұл жер қатты ұнады. Мұнда ойнаймыз, түрлі ойындар бар. Достарым көп. Асханада тамақ өте дәмді. Доп ойнаймыз, алаңда секіреміз, скакалкамен ойнаймыз. Өте қызықты әрі жаңа достар табуға болады.
Облыс әкімі лагерь аумағын аралады. Ол жатын корпустарды, медицина пунктін қарап, дәстүрлі қазақ киіз үйі орналасқан этно-аймаққа барды.
Аймақ басшысы балалармен волейбол ойнап, оларға доптар сыйға тартты. Сондай-ақ, екінші кешкі ас кезінде балалармен әңгімелесті. Айта кетейік, лагерде балаларға бес мезгіл тамақ беріледі.
Сапар соңында лагерь тәрбиеленушілерімен және спортшы-балалармен алау маңында жылы кездесу өтті. Ашық әңгіме, тілектер мен армандар айтылған ерекше атмосфера орнады. Облыс әкімі де балалардың тілектеріне қосылып, өз ізгі ниетін білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мен осы жерде армандар орындалсын деген ниетпен тілек тіледім. Бүгін керемет күн болып отыр. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Лагерге баруға, жақсы білім алуға, ғылыммен айналысуға мүмкіндік бар. Ғалым, адвокат, өздерің айтып отырғандай әскери адам болыңдар, ең бастысы еліміз тыныш болсын. Айтылған тілектер орындалсын деймін, еліміз сіздермен бірге гүлдене берсін.
Биыл өңірде 64 мыңға жуық оқушыны, яғни мектеп оқушыларының 95%-ын түрлі демалыс түрлерімен қамту жоспарланған. Оның ішінде 10 лагерде 6 мыңнан астам бала демалатын болады.