Төбе шашты тік тұрғызар мына видео өткен жылдың тамыз айында түсірілген. Оны мамыр айының ортасында Петропавлдағы мектептердің бірінің әлеуметтік ұстазы әлеуметтік желіден кездестеріп, басшылыққа хабарлапты. Артынша өзекті мәселе тиісті құқық қорғау органдарына жеткен. Көп ұзамай кәмелет жасына толмаған 6 бірдей тәртіпсіз қызға қатысты материал жиналды. Олар қатарлас жеткіншекке қысым көрсеткен, ақша бопсалаған. Қазір жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оның қортындысы бойынша қыздар девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымына жіберілуі мүмкін. Немесе өзге жаза қарастырылады.
Бұл факт Петропавл қалалық полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 194-бабы, 2-бөлігі, 1,2-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Яғни, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған қорқытып алу жайты қарастырылып жатыр. Оның санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Қазіргі уақытта алдын ала және қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Байболат Құлтанов