Қоғам

Солтүстікқазақстандық сарбаздар әскерден оралды

Солтүстікқазақстандық сарбаздар 1 жылдан соң өңірге оралды! Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына қарасты 5573 әскери бөлімінде қызмет еткен 27 жерлесімізді ата-аналары, туған-туыстары мен достары теміржол вокзалында думандатып күтіп алды. Бұл жігіттер азаматтық борышын Астанада орындады. Олар бас қаладағы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етті, жауынгерлік дағдыларды меңгеріп, темірдей тәртіпке үйренді.

Отан қорғаушылар жақындарын әбден сағынған. Жүздесуге келген жандармен қуана қауышып, үлкен менен кішіні құшаққа алды, амандық сұрасты.

ДИАС АЙМУРЗИН, сарбаз, Қызылжар ауданы:

— Әскер ер адамға қажет. Әскерде жүріп отбасының, бос уақыттың қадірін түсінесің. Тәртіпке үйренесің.

НӘЗИЛА БЕКТЕНОВА, ата-ана, Шал ақын ауданы:

— Баламды күтіп алуға келдік. 1 жыл біз үшін 3 жылдай болды. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Әскерге бару – әр ер азаматтың міндеті деп ойлаймын.