Денсаулық сақтау

Онкологиялық орталықта ісік ауруларын емдейтін желілік үдеткіш іске қосылды

Облыстық онкологиялық орталықта ісік ауруларын емдеуге арналған жаңа желілік үдеткіш іске қосылды. Аппарат жасанды интеллект жүйесі бар соңғы үлгідегі компьютерлік томографпен жабдықталған. Бұл сәулелену дозасын дәл есептеуге, ісік контурларын анықтауға және сәулені тек зақымданған жасушаларға бағыттауға мүмкіндік береді.

ХАБДРАХМАН БЕРКІМБАЕВ, СҚО онкологиялық орталығы сәулелік терапия бөлімшесінің меңгерушісі:

— Аппарат кез келген көлемдегі ісік пішінін қабылдай алады. Обырдың өлшеміне немесе қай жерде орналасқанына қарамайды.

Бұрын емдеу уақыты ұзаққа созылса, қазір 3-5 минут көлемінде жүргізіледі. Бұл науқастарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Енді дәрігерлер ауысымда 150 адамды емдей алады. Заманауи жабдықтың мүмкіндігімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мы этот аппарат ждали. Он способен, это самое главное, точечно поражать раковые клетки, тем самым избегая поражения здоровых тканей. Это очень важно. Для жителей нашей области это очень нужный проект.

Науқастар бұрын сапалы ем алу үшін ірі қалаларға баруы қажет еді. Петропавлдық Алма Араспаеваға өткен жылы Астана қаласында күрделі операция жасалған. Кейін елордалық мамандар оған осындағы жаңа аппаратта 30 күндік емдеу курсынан өтуді ұсыныпты.

АЛМА АРАСПАЕВА, қала тұрғыны:

— Дәрігерлер курс жайлы толығымен түсіндіріп берді. Қорқынышым да, қобалжуым да сейілді. Лазерлік терапия онкологиялық аурулармен күрестегі маңызды шара екенін түсіндім. Медицина қызметкерлерінің науқастармен қарым-қатынасы да көңілімнен шықты. Емделу уақыты 4 айға созылды.

Жобаны жүзеге асыруға 2 млрд 660 млн теңге бөлінді. Жабдықтарды сатып алу, оны орнату және кабинетті ашу шығындарын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері өз мойнына алды. Бүгін ашылу салтанатына қордың Басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева келді.

ЛӘЗЗАТ ШЫҢҒЫСБАЕВА, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрайымы:

— Біз онкологиялық аурулардың 3-ші және 4-ші сатысындағы науқастарға да қаржы бөле бастадық. Ол Бұл қаражатқа Қазақстандағы жоқ дәрілер алынды. Жетекші онкологтар үздік халықаралық онкологиялық институттарда оқытылды. Биыл мұндай жобаны еліміздің 4 өңірінде іске асырып жатырмыз. Келесі жылы 5 өңірді қамтуды жоспарлап отырмыз.

Аппарат іске қосылғалы 200-ге жуық солтүстікқазақстандық ем алды. Бұл жабдықтың көмегімен бас және мойын, сүт безі, ми обыры және басқа да қатерлі ісіктерді нәтижелі емдеуге болады.

 

Мадина Каби