Мәдениет

Облыстық қуыршақ театры 35 жылдығын атап өтті

Өзінің қойылымдарымен балалардың жүрегінен ойып тұрып орын алған қарашаңырақ 1990 жылы құрылған. 91-де алғашқы қойылым ұсынылыпты. Шара ең алдымен театр әртістерін көпшілікке таныстырудан басталды. Мына көпшіліктің көзайымына арналған жандардың жетістіктері өз алдына бір төбе. Көбі облысқа ғана емес, бүкіл елімізге танымал.

СЕРГЕЙ ОРЛОВ, облыстық қуыршақ театрының директоры:

— Театрда 78 адам жұмыс істейді. 16 әртісіміз бар. 35 жылдың ішінде толағай табыстарға жеттік. Ел ішіндегі түрлі фестивальдерден гран-при жеңіп алдық. Әлемдегі үздік қуыршақ театрларының қатарына қосылдық. Бұл ұйымдасқан жұмыстың нәтижесі.

35 жылдың ішінде театрда 90-нан астам спектакль сахналанған. Осы күнге дейін әртістердің өнерін 1,5 млн-ға жуық көрермен тамашалаған екен. Шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов қатысты. Ол ұжымды мерейтоймен құттықтап, өңіріміздің мәдениет саласына қосып жатқан орасан зор үлестері үшін алғыс білдірді.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

— Театр жыл сайын балаларға тәрбиелік маңызы зор қойылымдар ұсынып келеді. Бұл болашақта өскелең ұрпақтың ел қамын ойлайтын азамат болуына зор септігін тигізетіні сөзсіз. Сол үшін сіздердің алдарыңызда басымды иемін!

Шара барысында Досбол Нұржанұлы қуыршақ театрына облыс әкімінің атынан су жаңа “Газель” автокөлігінің кілтін табыстады. Содан соң Досбол Әбдірейісов театр ұжымын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің атынан Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. Талай жылғы еңбегі еленгендердің арасында Диана Сәдуақасова да бар.

ДИАНА СӘДУАҚАСОВА, облыстық қуыршақ театрының әртісі:

— Бала кезімнен әртіс болуды армандадым. Театрда жұмыс істеп келе жатқаныма 8 жылдан асты.

Айта кету керек, театр кезекті маусымын қыркүйекте бастайды. Сондай-ақ, аталған айда Ресейдің Рязань қаласында өтетін фестивальде өнер көрсетпек.

 

Нұрасыл Ахмет