Қоғам

Міндетін абыроймен атқарған антына адал жандар марапатталды

Облыста биыл бірде-бір елді мекенді су басқан жоқ. Оған мына қаз-қатар тізілген жігіттердің қосқан үлесі зор. Шенділер мен сарбаздар және курсанттар күні-түні қала маңындағы және Қызылжар ауданындағы елді мекендерде аянбай еңбек етті. Биыл былтырғыдай жайсыз жайт орын алмағанымен ауылдарға қызыл су кіру қаупі жоғары болды. Бірақ, ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде елді мекендер аман қалды.

ӘБІЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:

— Су тасқыны кезінде облыстық ПД жеке құрамының 300 қызметкері қоғамдық тәртіпті сақтады. Халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Су басу қаупі төнген елді мекендердегі тұрғындарды эвакуациялады. Олардың баспаналары мен мүліктерін күні-түні күзетті.

Бүгін облыс орталығында су тасқынының алдын алу шараларына белсенді қатысқан шенділер, сарбаздар және курсанттар марапатталды. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі жиналғандардың барлығына алғысын білдірді, табыс тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ел басына күн туған сәтте сіздер алғашқылардың бірі болып қол ұшын созасыздар. Отанға адал қызмет етудің нағыз үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздерге алғысым шексіз!

Алғыс сөзден кейін Ғауез Торсанұлы қаз-қатар тізілген жандарды өзінің және еліміздің бас полицейі Ержан Саденовтің атынан марапаттады. Алғашқылардың бірі болып құрметке бөленгендердің арасында Қызылжар аудандық полиция бөлімінің полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Шамшиден Ақышов болды. Оған құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Ішкі істер министрінің ведомстволық медалі табысталды.

ШАМШИДЕН АҚЫШОВ, Қызылжар аудандық полиция бөлімі полиция қызметінің бастығы:

— Прибрежное және Тепличное ауылдарында қоғамдық тәртіпті сақтауда ауқымды жұмыс атқардық. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Ішкі істер органдарында 2004 жылдан бері қызмет етемін.

Бұл ретте Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінің еңбегін айтпай кетуге болмайды. Олар ақпаннан бері бөгетті нығайту жұмыстарына белсенді қатысқан. Су басу қаупі бар ауылдарда 400 қызметкер мен сарбаз күні-түні тер төккен. Бүгін соның бірнешеуі марапатқа ие болды.

АРСЕН ЖОЛДАСБЕК, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

— Қаптарды құмға толтырып, бөгетті нығайттық. Қиын қыстау сәтте облысымызға көмек көрсету парызым деп санаймын. “Ұлттық ұлан – ел қорғаны” деп бекерден-бекер айтылмаған.

Айта кету керек, бүгін барлығы – 36 адам марапатқа ие болды.

 

Нұрасыл Ахмет