МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— Маса мазаны қашырды, шіркей де әлекке салып тұр. Орталық саябақта жүргеніме 10 минуттай ғана болды. Соның өзінде бірнеше қансорғыш уысыма түсті. Назар аударатын жайт, бұл жерлер дезинсекцияланады. Қарапайым тілмен айтсақ, зиянкестерге қарсы арнайы сұйықтық шашылады.
Залалсыздандырылған жердің өзі осындай, ал беттерін тұмшалаған мамандардың табаны тимеген аумақтар қандай жағдайда? Петропавлдың шеткі аудандарындағы, орманға жақын үй маңындағы, шөп пен қамыс өсетін төңіректердегі ахуалды елестетудің өзі қиын. Шыдау керек немесе арнайы қызмет ұсыншы компанияның көмегіне жүгіну қажет. Жергілікті билік қансорғыштармен күреспейді емес, күресіп жатыр. Өкінішке қарай, шаһардың түкпір-түкпірін қамту мүмкін емес.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Жұмыс халық көп жүретін аумақтарда атқарылады. Яғни, саябақтарда және қаланың орталық көшелерінде жүргізіледі. Өңдеу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұсынған препараттар қолданылады, бұл жұмыстың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Жұмыстар негізінен түнгі уақытта, адамдардың қозғалысы аз кезде жүргізіледі.
Сонымен қатар, мамандар ауа райына қарай да әрекет етеді. Жаңбыр жаумауы қажет. Егер жауын болса, айналаға шашылған дәрі тез күшін жойып, жәндіктермен күрес те тиімсіз болады. Тағы бір ескерер жайт, тұрғындар мен жануарлардың денсаулығына зияны жоқ сұйықтық маса мен шіркейді ғана емес, кене мен өзге де қауіпті жәндіктердің көзін жояды. Осы орайда тұрғындардың пікірін тыңдадық?
Биыл Петропавлда масамен күреске аз ақша бөлінбеген. Бақандай 20 млн теңге қарастырылыпты. Әкімдік өкілдері бұдан өзге қаржы бөлінбейтінін мәлімдеді.
Мәдина Қаби