Петропавлда ерекше экологиялық акция өтті. ”Таза Қазақстан” республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылған бұл шара барысында тұрғындар мен қонақтар қоқысты жерге тастамай арнайы жәшікке салды.
Танымдық әрі қызықты шара Достық үйі алдында өтті. Адамдар акцияға ықыласпен қатысты. Әсіресе балалар мен егде жастағы жерлестеріміз белсенділік танытты.
НУРИФА ТҰРСЫНҚҰЛОВА, акцияға қатысушы:
— Пайдалы шара деп ойлаймын, қоршаған ортаны таза ұстау керек. Өзіміздің тұрып жатқан орта болғандықтан таза ұстаған дұрыс.
Жұртшылықтың көңілінен шыққан акцияны қалалық қоғамдық бастамаларды дамыту және ақпарат бірлестігі мен еріктілерді қолдау орталығы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай креативті тәсіл арқылы экологиялық тәрбие қалыптасады.
ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық бастамаларды дамыту және ақпарат бөлімінің маманы:
— Шараның мақсаты – адамдардың көңілін жалпы планетамыздың тазалығына бағыттау.
Мұндай қарапайым, бірақ мағыналы шара арқылы көпшіліктің жүрегіне жол тапқан жерлестеріміз әлі де аянып қалмақ емес. Олар Қазақстанның, өңіріміздің және қаламыздың тазалығы жолында еңбек етуді, түрлі акциялар өткізуді мақсат етіп отыр.
Жеңіс Ережеп