ҚоғамҚұқық қорғау органдары

СҚО-да бес айда 40 келі есірткі тәркіленді

Теріскейлік тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткіге қатысты 139 құқық бұзушылық анықтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір көп. Оның басым бөлігі нашаны сатуға қатысты. Заңсыз айналымнан барлығы – 40 келіден астам есірткі тәркіленген. Табылған нашаның 30 келіден астамын марихуана құрайды. Қалғаны – синтетикалық есірткі, қарасора мен гашиш.

Үй жағдайында ұйымдастырылған 9 фитонаркозертхана жойылды. Мамандардың айтуынша, облысқа синтетикалық есірткі басқа өңірлерден, негізінен Астана, Алматы қалалары мен Ақмола және Павлодар облыстарынан «тасымалдаушылар» арқылы жеткізіледі. Нәтижесінде синтетикалық есірткі жеткізудің 4 арнасы жабылған.

АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

— Мысалы, 2025 жылдың 7 сәуірінде «Оңтүстік» бекетінде 26 жастағы ер адам басқарған «Daewoo Nexia» көлігі тоқтатылды. Тінту барысында шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі және 100 грамм каннабис шайыры тәркіленді. Күдікті ер адам республикалық интернет-дүкен үшін синтетикалық есірткі тасымалдаушысы ретінде әрекет еткен. Қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды.