Қоғам

Патриоттық рухпен өткен жүгіру жарысы

Петропавлда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ерекше спорттық шара ұйымдастырылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен қолға алынған жүгіру жарысына
100-ге жуық адам қатысты. Дені – спортшылар мен оқушылар.

ӘЛИНҰР НҰРХАСАНОВ, жарысқа қатысушы:

— Мен спорт сарайында дзюдомен айналысамын. Жүгіру жарыстарына бұрынан бері қатысып келемін. Осы жарысқа мені бапкерім шақыртқан болатын. Мемлекеттік рәміздер күніне орай жасалып жатқан жарыс ұзақ арақашықтықта және қызықты болады деп ойлаймын. Мықтылар жеңсін!

Жарыс алдында қатысушылар белсенді түрде бой сергіту жаттығуларын жасап, көтеріңкі көңіл-күймен бойларын қыздырып жатыр. Қолдарына көк туымызды ұстаған жас спортшылардың жүгіруі нағыз патриоттық рухты паш етті.

Жарыстың бастлау нүктесі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алды болса, мәресі – қалалық әкімдік. Қатысушылар Пушкин көшесінен өтіп, Жұмабаев көшесі арқылы мәреге бағыт алды.

Осылай спортсүйер жандар елге, жерге деген сүйіспеншіліктерін спорттық шараға белсенді қатысу арқылы көрсетті. Аталған шараның тәрбилеік маңызы зор. Жас ұрпаққа рәміздердің қадірін ұғындыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Көк туды көтеріп, бір мақсатпен жүгірген жастар ел болашағына деген сенімді нығайтады.

 

Жеңіс Ережеп